"Ралли Қазақстан - 2017": 3-кезең жеңісі Сауд Арабиялықтың еншісінде
[ 2017 ] 23 мамыр, 04:47 | Спорт
Кеше "Ралли Қазақстан - 2017" үшінші кезеңін өткізді. Таңертең старттан 19 экипаж жарыс жолына шықты. Оларға бүгін 421 шақырымды еңсеру міндеттелді.
Жарыс жолы ұзақ болса да қатысушыларға аса қиындық тудырмаған сыңайлы. Ол финишке жеткен әрбір шабандоздың жүзінен байқалып тұрды.
Нәтижесінде кешегі үздік үштік көрсеткіштерін қаз-қалпында сақтап қалды. Бірінші болып Сауд Арабиядан келген Язид Аль-Раджи (штурманы Тимо Готтшальк (Германия) жарысты аяқтады. Оның ізінен Нассер Аль-Аттия келді. Ал үшінші польшалық Якуб Пшигонски мәре сызығын кесті.
"Ралли Қазақстан-2017" – үшінші кезең қорытындысы.
"Ралли Қазақстан 2017", үшінші жарыс күнінің қорытындысы (ресми емес):
Язид Аль-Раджи (Сауд Арабиясы)/Тимо Готтшальк (Германия) Mini All4 Racing 4 сағат 13 мин 40 сек
Нассер Салех Аль-Аттия (Катар)/Матье Бомель (Франция) Toyota Hilux Overdrive 4 сағат 17 мин 49 сек
Якуб Пшегонски (Польша)/Том Колсул (Бельгия) Mini All4 Racing 4 часа 04 мин 46 сек
Арон Домзала (Польша)/Мацей Мартон Toyota Hilux Overdrive 4 сағат 23 мин 28 сек
Юрий Сазонов (Қазақстан)/Виталий Евтехов (Қазақстан) Hummer H3 Evo VIII 4 сағат 28 мин 00 сек
6.Мирослав Заплетал (Чехия)/Марек Сикора (Чехия) Hummer H3 Evo VII 4 сағат 28 мин 31 сек
7.Ерден Шагиров (Қазақстан)/Дмитрий Цыро (Украина) Toyota Hilux 4 сағат 36 мин 33 сек
Виктор Хорошавцев (Ресей)/ Антон Николаев (Ресей) BMW ХЗСС 4 сағат 51 мин 23 сек
Антанас Юкневичус (Литва)/Дариус Вайчулис (Литва) Toyota Hilux 5 сағат 01 мин 43 сек
10.Сейдан Язир (Сауд Арабиясы) / Кузмич Алексей (Ресей) Toyota Landcruiser 5 сағат 43 мин 15 сек
- Біз бүгін бірнеше рет жолды шатастырып алдық. Дұрыс жүріп келе жатқандай боласың, бірақ кейін адасқаныңды байқайсың. Алдымызда 3-4 жол жатыр, солардан адасып, қайта оралам деп жүргенде уақыт жоғалтуға тура келді. Бірақ жолымызды таптық, финишке жеттік. Бәрі ойдағыдай. Маған ұнады, - дейді литвалық пилот Антонас Юкневичус. Сөйтіп, кішігірім кедергілер салдарынан Антонастың экипажы кешегі нәтижеден екі сатыға төмендеді.
Отандастарымыз Юрий Сазонов, Ерден Шагіровтер де сайысты сәтті аяқтады деуге болады. Ерден бұл додадағы ең жас қатысушы, жасы небары 22-де. Соған қарамастан тәжірибелі, әлемге әйгілі автошабандоздармен терезесі тең өнер көрсетіп келеді. Жарыстың алғашқы үш күні қалай өткенін сұрап, Ерденмен тілдескен едік. Оны сайтымызда бүгін жарияланатын сұқбаттан оқи аласыздар.
Ал Данияр Әлімбаев бастаған 215 экипаж мәреге 14-болып келді. Штурманы Саxимов Арслан. Айта кетейік, Данияр тізгіндеген Hummer H3 EVO V көлігі ең алғашқы кезеңде сәтсіздікке ұшырап, аударылып қалған еді. Дегенмен экипаж қалыпқа келтіріліп, екінші кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. Екінші кезең де бұл экипаж үшін сәтті бола қоймады. Себебі олар белгіленген уақытта межеге келмегендіктен 100 сағат айыппұл салынды. Дегенмен Данияр Әлімбаев "Негізі мен шектік мерзімге жеткізбей-ақ жарысты аяқтаған едім. Бірақ неге екенін білмедім, бізге айыппұл жазылды. Мен оған келісіңкіремеймін" дейді. Данияр жарыс кезеңдерін жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта мәселесі қайта қаралады деп сенеміз.
Енді 4 кезең Сенек ауылы тұсында басталып, сонда қорытындыланады. Жарыс жолының ұзындығы - 276 шақырым. Құмды аймақта шабандоздардың қарқыны қалай болар екен, жарыстан соң білетін боламыз. Әзірге барлық қатысушыларға сәттілік!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
1079
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.