Антикалық олимпиада ойындарынан келе жатқан бокс – спорттағы жанкүйері көп спорт түрі десек артық айтпаймыз. Бокс өнерінде өз қолтаңбаларын қалдырған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон сияқты талай тұлғалар әлемге бұл спорт түрін қайта жандануына үлес қосса, қазақ спортындағы кәсіпқой мен әуесқой бокста Бекзаттай бек ұлдары мен мақтанатын рейтингтерге бай. Дәл сол мақтанышымыз Гена мен Иван, Серік пен Әділбек сынды алтын ұлдармен жалғасып жатқаны қуантады. Бүгінде Лондон, Рио олимпиадасының екі дүркін күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының капитаны Әділбек Ниязымбетов Қазасқтан чемпионы атанған Түпқараған ауданының жас спортшысы, М.Горький атындағы мектеп–лицейдің оқушысы Нұрбек Орысбайды арнайы құттықтап Түпқараған ауданына келді.
Алдымен аудан әкімі Темірбек Асауовқа арнайы кіріп, естелік сыйлық табыстаған чемпионды аудан әкімі әкімдіктің мәжіліс залында аудан активі алдында қабылдады. Аудан әкімі спортшылар сыйлаған жеңіс елге елдің рух сыйлайтынын жеткізе отыра, Әділбекке алғысын білдірді. Қазақстан чемпионы атанған түпқарағандық жас Нұрбек Орысбайды құттықтап, айфон ұялы телефонын сыйлаған аудан әкімі чемпион тәрбиелеген ата-ананы және жаттықтырушы Асқар Камаловты да Алғыс хатпен марапаттады.
Жүрегі жұдырықтай болса да, әлемдік додаға қатысуды мақсат ететін жүректі ұл Нұрбек әлем чемпионы болуды уәде етті. Әрине, Алла Нұрбектей батыр сыйлаған қазақтың қуанышына ол күнді де көруді бұйыртсын!
Дәл осы қабылдаудан шабыттана Әділбек ағасы мен Нұрбекті жаңадан ашылған Форт-Шевченко мектеп-лицейіндегі жастармен кезедесуде жанкүйерлері тағатсыздана күткен кездесуге бет бұрды. Чемпион ұлдарға деген құрмет пен қошемет есікке ене байқалды. Қуаныштан қиқу салған жастар қуанышы шат, көңілдері шадыман күйде Әділбек Ниязымбетовке кездесу барысында қызықты сұрақтар жаудырды. Бірі ең бірінші жеңісі мен сол жеңістегі сезімін, бірі құрама капитаны ретінде атқаратын қызметін, бірі мықты қарсыласының кім екенін, бірі кәсіпқой бокс пен әуесқой бокс айырмасын немесе кәсіпқой боксқа өту ойында бар жоғын сұрап жауап алса, бірін Әділбектің жеке өмірі қызықтырып сұрақтарды жаудырды. Тіпті мемлекет ұсынған сыйақыны не істедіңіз, оны қайда жараттыңыз деген де ойға келмейтін сұрақтар қойылып жатты. Салмақты да, сабырлы, сырбаз чемпион әдетінен таймай, аспай, тасымай жауап қатты.
Жастармен кездесуден кейін аудандық ішкі істер бөлімінде ұжыммен кездесті. Кейіннен 2201 әскери бөлімінде болып, «Қажымұқан» атындағы мұз жарғыш кеме жұмысымен танысты.
Милана ЕЛЕУСІНОВА