Маңғыстаулық спортшы Әлия Дәулет Түркияда болған «Victory сup» халықаралық турнирінде U17-лер арасында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Турнирде Франция, Латвия, Иран, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Қазақстан мемлекетінен барған спортшылар еркін, әйелдер және грек рим күрес түрлерінен бақ сынасқан. Турнирге 500-ге жуық спортшы қатысқан.
— Турнирге әр елдің мықтылары қатысты. Себебі бұл турнир — жазда өтетін Азия, Әлем чемпионаттарының алдында дайындықтарын қарауға, қарсыластарының қандай деңгейде екенін білуге, бақылауға үлкен мүмкіндік. «Victory cup» халықаралық турнирі — Әлия Даулеттің халықаралық дәрежедегі алғашқы жарысы. Бұл Азия чемпионатының алдында үлкен тәжірибе болды. Халықаралық дәрежедегі жарысқа шығу үшін батыл жүрек, қайсар мінез керек деп ойлаймын. Әлия 46 келі салмақта түрік елінің спортшысынан басым келе жаткан, алайда аз уакыт қалғанда Әлия 2 ұпай есе жіберіп ұтылып қалды. Ендігі мақсат — 3-18 маусым аралығында өтетін Азия чемпионатына дайындықты шыңдау. Оқу-жаттығу жиындарында дайындалып, қателіктермен жұмыстанып Азия Чемпионатында ел намысын қорғауға тырысамыз, — деді әйелдер күресінен Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Анар Хамитова.
Жарыс 8-12 мамыр аралығында өтті.