Ақтау қаласында әмбебап жекпе-жектен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Нәтижесінде мңғыстаулық спортшылар командалық есепте 1-орын алды,-деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарысқа 1 шағынауданда орналасқан «Каспий» спорт кешенінде өтті. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған додаға 150 спортшы қатысты.
- Бұл спорт түрімен 10 жылдан бері айналысып келемін. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жартылай финалда кездескен Шымкент қаласының спортшысы және финалда кездескен Маңғыстау облысының спортшысы да өте мықты дайындалғаны көрініп тұр, - деді Нұр-сұлтан қаласынан келген спортшы Жеңіс Ердаулет.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Маңғыстау облысының командасы 1-орын, Қызылорда облысының командасы 2-орын, Ақтөбе облысынан келген спортшылар 3-орынға тұрақтады. Жалпы Маңғыстау облысының спортшылары 3 алтын, 5 күміс, 5 қола жүлдені еншіледі.
Ел чемпионаты мамыр айында Ташкент қаласында өтетін Әлем чемпионатына іріктеу мақсатында өткізілді. Маңғыстау облысынан Әлем чемпионатына 4 спортшымыз аттанады. Олар Баладдин Гулиев, Айболат Мұратұлы, Арман Салтанатов, Мансұр Мимбулатов.
- Жарысқа жоғары деңгейде дайындалдық, бүгін чемпион атандым. Жаттықтырушыларыма алғыс айтамын. Спорт шеберіне үміткер болып жатырмын. Енді мамыр айында өтетін Әлем чемпионатына қызу дайындық басталады.
Бар күш-жігерімізді саламыз, - деді
55 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған маңғыстаулық Арман Салтанатов.