Ақтауда қазақ күресінен ересектер мен жастар арасында облыстық чемпионат өтті. Жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен 90-ға жуық спортшы қатысты. Ақтау қаласы мен Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарының спортшылары өзара сынға түсті. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыста 64 спортшы, ал 23 жасқа дейінгі палуандар арасында 17 қатысушы өз шеберлігін көрсетті.
Облыстық чемпионаттың басты мақсаты облыстың құрама командасын жасақтау, ел чемпионатына спортшыларды іріктеу. Қазіргі таңда облыстан 22 спортшы іріктелді. Қазіргі таңда дайындықты шыңдау мақсатында оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Оқу жаттығу жиынына Атырау, БҚО, Ақтөбе облыстарынан 40 спортшы, Маңғыстау облысынан 22 спортшы қатысуда. Спортшыларымыз үмітті ақтайды деп үлкен сеніммен айта аламын, - деді Маңғыстау облысының қазақ күресінен аға жаттықтырушы Кенжебай Елубай.
Облыстық чемпионаттан топ жарған 22 спортшы Атырау және Ақтөбе қаласында өтетін ҚР чемпионатында өңір намысын қорғайды.