©
Аймақ халқы аса талантты ақын Светқали Нұржанның «Баба түкті боз дала» атты шығармашылық кешіне қатысып, ерекше ықыласқа бөленді. Өз топырағымызда өскен, исі қазаққа мақтаныш болған азаматқа қазақ зиялы қауымының махаббаты зор, ілтипаты жоғары екеніне көзіміз жетті.
Әсіресе ұлттың мақтаныштары – абыз ақсақал Әнес Сарайдың тебіренісі мен көрнекті ақын Иран-Ғайыптың толғанысы көзімізге жас үйірді. Елдің әр түпкірінен келген ұлты десе жанын беруге дайын нағыз отаншыл дарын иелері Гүлнәр Салықбаева, Жанат Әскербекқызы, Елена Әбдіхалықова, Әлия Дәулетбаева, Бақтыгүл Бабаштың жүрек тебірентер сөздері жерлестерімізді қайран қалдырды.
Орыстың аса дарынды шайыры С.Есенинді өтірік акт жасап, «өзі өлді» деп опат қылғанға дейін оның үстінен 14 рет қылмыстық іс көтерген екен. Светқали да сол теперішті бастан кешірді. Жұртты білмеймін, менің жеке қара басым ол азаматқа тек тірлігін ғана тілейтінмін. Заңғар аға, әулие аға Әбекем кездескен сайын «Ордалыжанау, Светқалидың тірлігін ғана сақтау керек. Құдай оған бәрін берген, санасына нұрды аямай құйған, тек тірі болса болды. Оның ішкі де, сыртқы да жаулары жетіп артылады. Сақ болыңдар», – дейтін еді.
Мың өліп, мың тірілген қазақтың қашанда ақтан тілеген тәңірі бар ғой, осы жолы шындап қолдады. Облыстың жаңа басшысы Светқали Нұржанды шын түсініп, қолдау жасады. «Мүмкін, қазақтың Светқали Айт-Ман ақынға, бұл кештің қажеті жоқ шығар, бірақ халыққа керек. Елдің өлеңге, жырға сусап қалғаны көрініп тұр, 3 сағат тапжылмастан тыңдады, жүрегіне сыйғызды», – деді облыс әкімі.
Аяғы қайырлы болып, сәттілік жалғасын тапқай!..
Ордалы ҚОСАЙ,
ардагер ұстаз.
Түпқараған ауданы
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Тағы оқыңыз: Әділбек Ниязымбетов: «Токио олимпиадасынан кейін бокстан кетемін»