Жаңаөзен қалалық сотында мемлекеттік міндеттерді орындауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлғаның заңсыз әрекетке барып, пара алғаны үшін қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Істі қарау барысында сот келесі жайттарды анықтаған. Ж. есімді азамат Жаңаөзен қаласындағы кешкі мектептің директоры бола тұра Е.атты оқушыға орта білім туралы аттестат бергені үшін 70 мың теңге көлемінде пара алған.
2023 жылғы 1 қарашада сотталған Ж. жәбірленушінің келісімімен кінәні мойындау туралы мәміле нысанында іс жүргізу келісімін жасады.
Сот күдікті Ж.-ның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін жайттарды қарау барысында оның кінәсін толық мойындағанын және бұрын соттамағанын ескерді.
Бұл істе жауапкершілік пен жазаны ауырлататын жағдайлар анықталмады. Сот үкімі бойынша күдікті қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып отыр. Оған 2 100 000 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.