Түпқараған аудандық сотында ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауапкер К. өткен жылдың 20 желтоқсаны күні 8:30 шамасында Ақтау қаласынан Форт-Шевченко бағытындағы жолда автокөлігімен қарама-қарсы жол бағытына шығып кетіп, жаяу жүргінші А-ны қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жаяу жүргінші сол жерде қайтыс болған.
Сот барысында айыпталушы азамат өзіне тағылған айыппен келісіп, кінәсін мойындаған. Ол осы оқиға үшін қатты өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмайтын жаза түрін тағайындауды сұрады.
Ал жәбірленушінің өкілі кешірім бермейтінін айтып, моральдық шығын ретінде 15 000 000 теңге өндіруді сұрады.
ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігінің санкциясында белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Сот сотталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар деп таныса, қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен К. ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оны көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айыра отырып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталушыдан жәбірленушінің заңды өкіліне қылмыстың салдарынан келтірілген моральдық зиян 10 000 000 теңге өндірілді. Әзірге сот үкімі заңды түрде күшіне енген жоқ.