Маңғыстау облысында былтыр есірткі қылмысына қатысты 300-ден астам құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
2023 жылдың қорытындысына сәйкес Маңғыстау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы барлығы 320 есірткі құқық бұзушылықты тіркелді. Сонымен қатар, марихуана есірткі өсімдігін өсірумен айналысқан төрт есірткі зертханасына тосқауыл қойылды. Сотқа 270 қылмыстық іс жолданды, оның ішінде 57-сі – ауыр және аса ауыр қылмыс. 255 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 43 азамат қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазаларын өтеп жатыр, делінген МО полиция қызметі таратқан ақпаратта.
Бұдан бөлек, есірткі қылмысымен күресті күшейту, нашақорлықтың алдын алу бағытында 325 профилактикалық іс-шара өткізілді. Рейдтік іс-шаралар барысында 530 граффити жазу жойылып, есірткі сату, өткізумен айналысатын 115 сайт пен Telegram әлеуметтік жүйесіндегі онлайн дүкендер бұғатталды.