Ақтау қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің бірінен қоқыс қалдықтарын лақтырған тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі қызметкерлерімен құқық бұзушының жеке басы анықталды. 34 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 434-2-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасақталды.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 434-2-бап. Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау.
1. Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осы орайда Ақтау полициясы тұрғындар мен қонақтарды қаланы таза ұстауға шақырады, - деп жазылған МО полиция департаменті таратқан ақпаратта.