Маңғыстау облыстық сотының төрағасы болып Ержан Даулиев тағайындалды. Жаңа төрағаны ұжымға ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин таныстырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сонымен бірге «Атамекен» ҰКП-ның облыстық филиалы мен БАҚ өкілдері қатысты.
А.Рахметулин өз сөзінде Ержан Даулиевтің сот саласында ұзақ жылғы қызмет тәжірибесін, оны ерекшелей түсетін еңбекқорлығы мен принципшілдігін атап айтты. «Жаңа қызметте еліміздің сот жүйесін дамытуға, заң төрелігі мен әділдіктің сақталуын қамтамасыз етуге бар күш-жігерін салады деп сенемін», - деді ол. Жаңа төрағаның прокуратура жүйесінде, Ақмола облыстық сотының судьясы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, сондай-ақ Жоғарғы Сотта судья қызметтерін атқарғаны аталып өтті.
Сонымен бірге А.Рахметулин Елбасы Жолдауының сот жүйесін жетілдіру жөніндегі бөлігі туралы әңгімеледі. Ол «Сот төрелігінің жеті түйінінің» басым бағыттарын жүзеге асыру барысы, соттағы айыптауларды азайту, сот актілерін дұрыс түсіндіру және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру туралы да кеңінен баяндады.
Жиында өңірдегі қайта тағайындалған сот төрағалары мен судьялар таныстырылды.
Даулиев Ержан Көкенұлы 1964 жылы дүниеге келген.
1988 жылы Свердловск заң институтын «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.
2003-2013 жылдары – Ақмола облыстық сотының судьясы.
2013-2016 жылдары – Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.
2016 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарды.