©
Мұнайлы ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында Мұнайлы аудандық терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім және ұйымдары мен мекеме басшылары қатысты.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев жүргізген комиссия отырысының күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мұнайлы аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция капитаны Батыр Көшкінов «Террористік тұрғыдан осал объектілердің қызметкерлерімен терроризм актісі жасалған кезде терроризмге қарсы жүріс-тұрысты үйрету бойынша теориялық-практикалық сабақтар өткізу және террористік тұрғыдан осал объектілерді ҚР заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша жүргізілген жұмыстары туралы» баяндамасын жасады. Баяндамашы өз сөзінде аудан аумағында терроризмнің көріністеріне қарсы командалық-штабтық және жедел-тактикалық оқу-жаттығулары тұрақты өткізілгендігін атап, кейбір нысандардың талап дәрежесінде болмай тұрғандығын тілге тиек етті. Тексеру қорытындысы бойынша 4 объекті басшыларына, яғни Атамекен ауылдық округіндегі №7 орта мектепке, Атамекен ауылдық округінде орналасқан «Рахат» жекеменшік балабақшасына, Маңғыстау ауылындағы «Рахат» сауда үйіне, Қызылтөбе ауылдық округіндегі мешітке ҚР ӘҚБтК-нің 149 бабы 1 бөлігіне сай соттың қаулысымен 986 мың 050 теңгеге айыппұл салынғанын айтып өтті. Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету бағытында деструктивті дін ағымын ұстанушы тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне жол бермеу және діни ахуалды бақылау бағытында жұмысты одан әрі күшейте беретіндіктерін атады.
Отырыстағы екінші мәселе – «Атамекен және Басқұдық ауылдық округтеріндегі діни ахуал, соның ішінде жат ағымды жақтаушы азаматтардың санын азайту, жат ағым өкілдерінің мекен-жайы, жұмыс орындары бойынша жүргізілген жұмыстары туралы» болатын. Ол жөнінде Атамекен және Басқұдық ауылдық округтерінің әкімдері баяндама жасады. Алдымен сөзге шыққан Атамекен ауылдық округінің әкімі Ескендір Ибрагимов округте дәстүрлі емес діни ағымды жақтаушы азаматтармен кездесулер ұйымдастыру мақсатында теологтармен ауыл әкімі аппаратының қызметкерлері бірлесіп, деструктивті діни тұлғаларды анықтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады. «Ар-Рахман» мешітінің имамдарына күнделікті атқарылатын діни іс-шараларына қосымша арнайы төрт бағытта жұмыс істеу жүктеген екен. Олар уағыз, насихат жұмыстарын жандандыру, теріс ағым өкілдерімен жұмыстану, қайырымдылық шараларын жасау және діни сауат ашу курстарын жетілдіру болатын. Осы бағытта жұмыстанып жатқанын айтып өтті. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында да тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүретінін атады.
Ал Басқұдық ауылдық округінің әкімі Өсер Тлепов дәстүрлі емес діни ағымды жақтаушылардың теологпен кездесуін ұйымдастыруда тиісті мамандармен бірлесе отырып деструктивті діни ағымға бейім, күдікті тұлғалардың тізімін анықтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады. Сонымен бірге мектеп оқушылары арасында да түсіндіру жұмыстары ойдағыдай өтіп жатқанын айтып өтті. Әлі де осы бағытта жұмыстана беретінін тілге тиек етті.
***
Ал келесі жиын Мұнайлы ауданы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы еді. Мұны да аудан басшысы жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасау үшін сөз аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Батыр Көшкіновке берілді. Ол «Мұнайлы ауданы бойынша жол- көлік оқиғасының өсімін төмендету, мас күйде көлік құралын басқару деректерінің жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» баяндады. Баяндамашы апатты жағдайларды талдау барысында орын алған жол-көлік оқиғаларының себептері аудан ішінде орналасқан тас жолдардың тарлығынан жаяу жүргіншілерді қағу дерегі және облыстық маңызы бар тас жолда орын алып жатқанын айтты. Жол-көлік оқиғасының алдын алудың және жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтау мақсатында жүргізілген іс-шаралардың 2018 жылдың 8 айының нәтижесінде барлығы 12195 (2017 жылы – 12360) әкімшілік құқық бұзушылық анықталғандығын тілге тиек етті. Есепті кезеңде масаю күйінде жасалатын қылмыстар 12,1 пайызға (33-тен 37-ге) өсті. Оның себебі ҚР ҚК-нің 346 бабына сай жүргізушілер көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан оны алкогольдік, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаю күйінде адамның көлік құралын басқарып ұсталған іс-әрекеті бойынша ІІб-нің қызметкерлері 37 деректі анықтап, тіркелгенін баяндады.
Алдағы уақытта аудандық жергілікті полиция қызметі азаматтардың құқығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыспен күресу, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңсыздықты болдырмауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға жұмыстана беретіндігін жеткізді.
***
Аудан әкімдігінде өткен келесі басқосу – Мұнайлы ауданы әкімінің жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі арнайы комиссия отырысы болатын. Онда Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шынар Сұңғат бірінші, екінші мәселелер жөнінде – «Мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген конкурс бойынша ақпарат туралы» және «Аудандық бюджеттің атқарылуына тексеру, бақылау жұмыстары туралы» баяндама жасады. Атқарылған жұмыстар мен алдағы кезде жүзеге асырылатын міндеттерді атады.
Отырыстағы үшінші мәселе жайында Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік палатасының филиал директоры Азамат Кармышев «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Хартиясының сақталуы және орындалысы туралы» баян етті.
Отырыстарда қозғалған мәселелер жөнінде аудан басшысы ұсыныс-пікірлер айтып, олар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта орындалу жағы бақылауға алынатын болды.
Д.ХАНСҰЛТАН