©
"Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіне кіріп, бекіре аулаған 4 дағыстандыққа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр қараша айында Маңғыстау облысында заңсыз балық ауламақ болды деген күдікпен 1974, 1986, 1988, 1990 жылы туылған Ресей Федерациясы Дағыстан Республикасының төрт азаматы қолға түскен болатын.
Сотта аталған төртеудің «Yamaha» маркалы үш қозғалтқышы бар «Байда» типтес шағын қайыққа отырып, ау, жанармай және навигациялық құралмен жарақтанып, Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіне бекіре аулауға шыққаны анықталды. Олар теңіздегі бейтарап аумақтан шығып, Қазақстан Республикасының мемлкеттік шекарасын кесіп өтіп, жағалаудан 11 миль қашықтықта бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықты аулаған.
"Семсер" шекара кемесі теңізден байда типтес қайықты байқап, тоқтатпақ болғанымен, шекараны кесіп өткендер талапты орындамай іздерін суытпақ болады. Сондықтан шекарашылар оларды ескерту оғын ату арқылы бөгеген. Зардап шеккендер жоқ. Тексеру барысында 112 дана бекіре тұқымдас балық және 2 итбалық өлі күйінде табылған.
Соттың үкімімен "шақырылмаған қонақтар" ҚР Қылмыстық кодексінің 335 бабы 4 бөлігі, 392 бабы 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға Қазақстанның аумағынан шығарылды.
Сондай-ақ сотталғандардан 5 497 560 теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығынды өндіру туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының азаматтық талабы да қанағаттандырылды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ