©
Бүгін сағат 14.30-да Жаңаөзен қалалық сотында былтыр Теңге ауылындағы теміржол өткелінде болған "Газель" мен тепловоздың соқтығысына қатысты ашық сот отырысы басталады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот отырысы Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігімен сотқа берілген «Қазақстан темір жолы» Жаңаөзен өткел кезекшісі Т.-ға қатысты жүреді.
"Сотқа дейінгі жүргізілген тергеу бойынша анықталғандай, 25.11.2017 жылы сағат 12.00 шамасында Өзен-Бастау станциясының 7-тосқауылында орналасқан күзетілетін теміржол өткелінің кезекшісі Е.Т. Бопай станциясынан Өзен станциясына қарай 65 км/сағ жылдамдықпен бағыттаған поезд тепловозына қауіп жоқ екені туралы белгі берген. Осы кезде теміржол өткелінде автоматты түрде дыбыс сигналы және бағдаршам іске қосылған, алайда кезекші шлагбауымды тірегішіне сыммен байлап тастағандықтан, шлагбаум түспеген және өткел бөгет құрылғысы (УЗП) көтерілмеген. Осы сәтте кезекшілікте болған Е.Т. арақ ішкен мас күйінде дыбыс сигналының қосылғанына қарамастан, қауіпсіздік қағидаларын сақтауға міндетті бола тұра, кезекші отыратын пункттен шықпай, шлагбаумды төмен түсіруге әрекет жасамаған деп айыпталуда", - деп хабарлады Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 25 қарашасында Теңге ауылының маңындағы теміржол өткелінде №3 маршрут бойынша жолаушы тасымалдайтын "Газель" мен тепловоз соқтығысқан болатын. Нәтижесінде 27 адам зардап шегіп, маршрутта отырған 9 жолаушы қайтыс болған еді.
Зардап шеккендерге 20 миллион теңге қаржы бөлінді. Апатта қаза болған 9 азаматтың отбасыларына 1 млн теңге, ауыр халде жатқан 9 адамға 500 мың теңге беріледі деген болатын.
ЖАҢАРТЫЛДЫ: "Е.Т.-ның қорғаушысы Т.Бисекешовтың іске қатысудан бас тартуына байланысты сот отырысы 2018 жылдың 14 мамыры сағат 14:30-ға қалдырылды", - деп хабарлады Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Сурет сайттың архивінен