Балқашта екі балаға үздіксіз қол жұмсап келген деп айыпталған балабақша тәрбиешісінің көмекшісіне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Балабақша тәрбиешісіне ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау) бойынша айып тағылды.
«Сотталушы 2022 жылдың 22 қыркүйегінен 2022 жылдың 20 желтоқсанына дейінгі аралықта педагогтың көмекшісі ретінде жұмыс жасаған. Осы кезде психо-сөйлеу дамуы тежелген балаларға арналған арнайы топта жұмыс жасай жүріп, балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, денесіне орташа ауырлықтағы зиян келтіріп отырған. Екі кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған», - делінген сот хабарламасында.
Сотталушы өз кінәсін мойындады. Оның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары және тергеу хаттамалары, қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Әйелді сот 3 жыл мерзімге кәмелетке толмағандармен жұмыс жасау құқығынан айыра отырып, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бастапқыда «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Дегенмен, кейіннен жаңа деректер пайда болды. Күтуші балаларды шымшып, бетін кір шүберекпен сүртіп отырғаны да анықталған.