Ақтау қаласындағы 27 шағынаудан тұрғындарының ыстық су бағасын қайта есептеу туралы талабы сотта қанағаттандырылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі ресми сайтында хабарлады.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында талап қоюшы Маңғыстау облысының табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жауапкер «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-не, «Каспий жылу, су арнасы» МКК-не берілген 27 шағынаудан №37, 33 үй тұрғындарына ыстық сумен жылыту бағасына қайта есеп жасауды міндеттеу туралы азаматтық ісі қаралды.
Сотта істі қарау барысында «ЛЭРС УЧЕТ» программасынан алынған мәліметтер бойынша жоғарыда аталған тұрғын үйлерде 14.05.2017 -31.07.2017 жыл аралығында ыстық су температурасы 41 градустан аспаған. Алайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, ыстық су температурасы 50 градустан кем болмауы тиіс.
Талапарыз қанағаттандырылып, «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-не 27 шағынауданның №37, 33 үй тұрғындарына ыстық су бағасына қайта есеп жасау міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.