Ақтау қалалық сотында алаяқтық жасағаны үшін және пара беруге итермелегені үшін Қ. азаматына қатысты қылмыстық іс қаралды. Пара сомасы 8 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Соттың ақпараты бойынша, К. азаматы лицензия негізінде адвокаттық қызметпен айналыса жүріп, бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатымен жәбірленушінің сенімін теріс пайдалану және алдау арқылы қасақана әрекет етіп, соңғы жәбірленушіні 8 млн. теңге көлемінде пара беруге мәжбүр еткен. Осы ақшаға адвокат жауапты мемлекеттік лауазымдағы адаммен сотта мәселені шешуге және сотталған Б. - ға, яғни жәбірленушінің ағасына қатысты қылмыстық іс бойынша жазаны жеңілдетуге уәде берді. Нәтижесінде К. жәбірленушілерге берілген ақшаны иемденді.
2022 жылғы 12 қазанда сотталушы К. мен оның қорғаушысы, сондай-ақ прокурор арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы іс жүргізу келісімі жасалды.
Сот отырысында К., сондай-ақ адвокат пен прокурор іс жүргізу келісімінің шарттарын қолдады.
"ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағында алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігінде пара бергені үшін мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның отыз еселенгеннен қырық еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады", - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сот сотталушының егде жасын ескере отырып, кінәсін толық мойындағанын және өкінгенін жеңілдететін жағдай деп тапты. Жауапкершілік пен жазаны ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен К. қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, сондай-ақ мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 160 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.