Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, күн сайын қабылдау бөліміне 150-ге жуық науқас түседі. Оның он шақтысы травматологияға жіберіледі. Мәселен, бір айдың ішінде, яғни 18 мамыр мен 18 маусым аралығында ауруханаға түрлі дене жарақаттарымен 251 бала түскен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Мамандар балалар жарақатының өсуін демалыс және балалардың көшеде белсенді уақыт өткізуімен байланыстырады. Олар жарақаттардың көбін ойын алаңдарында, велосипедпен жүргенде, теңізде шомылғанда, спортпен айналысқанда және жол апаттарынан алады.
– Біз науқастарға алған жарақатының дәрежесіне қарай медициналық көмек көрсетеміз. Негізінен балалар биіктен жиі құлап келеді. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасынан кейінгі ауыр жарақаттар алады. Мысалы, бас жарақаттары, әртүрлі сынықтар. Басқа операциялар жасау өте қиын, тіпті, ота жасау мүмкін болмайтын жағдайлар да бар. Қалған жағдайда мүмкіндігінше ота жасауға тырысамыз, – дейді облыстық балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов.