Ақтауда алғаш рет "Асклепий" атты офтальмология және неврология орталығы ашылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, орынбасары, өңірдегі медициналық ұйымның бас дәрігерлері мен медицина саласының ардагерлері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Офтольмология" және "Неврология" орталығы 4 қабаттан тұрады. Ғимараттың 1-қабаты офтольмология саласына қажетті құралдармен, жаңа иновациялық аппараттармен жабдықталған. Көз диагностикасына қатысты барлық қызмет осы 1-қабатта жүргізіледі.
- Сонымен қатар бірінші қабатта ем-шара, невропатолог кабинеті орналасқан. Екі диагностикалық кабинет, лазерлік хирургияға арналған кабинеттер жасақталған. Екінші және үшінші қабатта операция өтетін блок орналасқан,-деді офталмолог дәрігер Маржан Тоқтарбайқызы.
Айта кетейік, клиникада барлық операция түрі жасалады. Лазерлік тор қабатын бекіту, көздің ішкі қысымының көтерілуінен болатын созылмалы сырқат түрлерін емдейді. Катаракта сияқты көз бұлдырауын жою үшін операция жасау мүмкіндігі де осы орталықта қарастырылған.
Клиникада 4 дәрігер қызмет етеді. Орталық директоры Құлымбаев Ғалымжан Тұрғанбайұлы, невропатолог-дәрігер Құлымбаев Ілияс Тұрғанбайұлы, Облыстың штаттан тыс бас офтальмологы, лазерлік ота жасайтын хирург Азан Маржан Тоқтарбайқызы және медицина ғылымдарының докторы, хирург Рысбаева Ақмаржан Нұрбайқызы.