Кез келген ауру сияқты, ЖИТС дертінен де ешкім сақтандырылмаған. Осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын адамға ажал құштыратын ауру саналған бұл аурудың толық емі болмағанымен, АИТВ инфекциясы ертерек анықталған жағдайда ЖИТС-ке жеткізбеудің әдісі бар.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Әлия Жиенғалиеваның айтуынша, антиретровирустық терапия – бұл, адамның иммун тапшылығы вирусының күшін жоюға арналған, АИТВ инфекциясын емдеуге қолданылатын терапия.
- Қазіргі кезде вирустың көбеюін тоқтата алатын, сөйтіп иммун жүйесінің қалпына келуіне мүмкіндік беретін дәрілер бар,-дейді ол.-Олардың жалпы саны 20-дан асады және қазіргі таңда инновациялық жаңа комбинирленген үш дара дәрі бір дәрінің ішінде жасалған дәрілер бар. Бұл дәрілер қабылдау тәртібін қатаң сақтағанда ғана жақсы емдік әсер береді. АРТ препараттарын белгілі бір құрамда және уақытында қабылдаса, АИТВ вирусын бақылауда ұстауға мүмкіндік туады. Вирус адам ағзасында қала береді, бірақ оның өсуіне тосқауыл қойылады. Емделушіге дәрігердің талабы бойынша дәріні күн сайын және үнемі қабылдап отыру, өз бетінше ештеңе өзгертпеу ескертіледі. Дәрінің мөлшері азайса, вирустың қайта «оянуынып», ол қайтадан СД4 жасушаларының ішінде көбейіп, олардың тіршілігін жоя бастайды.
Сондай-ақ Әлия Төлемісқызы қазіргі таңда диспансерлік бақылауда 320 АИТВ инфекциясын жұқтырған адам есепте тұрғанын айтты. Оның ішінде 305 адам осы айтылған ретровирусқа қарсы терапия алып жүр, яғни 96 пайыз.
-Жыл басынан бергі 4 айда 30 адам есепке алынып, емге қосылды,-дейді маман.-Олардың 21-і жаңадан АИТВ инфекциясымен тіркелгендер, 5-і басқа облыстан келгендер, 4 адам, бұрын ем алып жүріп, емін тастап кетіп,қайта қосылғандар. Былтыр 256 адам АИТВ инфекциясымен есепте болса, оның 253-і ем қабылдап, 98 пайызға жетті. Өткен жылмен салыстырмалы түрде қарағанда, ем алып жүрген науқастар санының өскені байқалып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай, адамдардың түсінігі артып, уақытында емге қосылып, осы емдік шараның пайдасы бар екенін ұғып, вирустың өсуін тоқтатуға бізбен бірге ат салысқандығы. Антиретровирустық терапияның арқасында адамдар отбасын құрып, дүниеге дені сау нәресте әкелу көрсеткіші 98 пайыз болды. Бүгінде осы терапиямен науқастардың 96 пайызы қамтылып отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА