АИТВ инфекциясы — адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына әкелетін созылмалы инфекциялық ауру.
Бұл инфекцияны жұқтырғандар ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың диспансерлік есебінде тіркелген. Орталықтың алдын алу және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің эпидемиолог дәрігері Алмагүл Кемазанова биылғы 7 айда АИТВ-мен 48 адам тіркелгенін және бұл көрсеткіштің 2020 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 2 есеге артып отырғанын айтады. Өткен жылғы 7 айда 22 жағдай тіркелген екен. Осы 7 айда тіркелген 48 адамның 40-ы — ер кісілер, 8-і — әйел адамдар. Ал жас ерекшелігіне қарай бөлгенде 3 жағдай 15-19 жастағы ұл-қыздар арасында, яғни, 6,3%, ал 19 жағдай 20-29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген (39,6%). 30-39 жас аралығында 16 адам (33,3%), 40-49 жас аралығында 8 адам (16,7%) және 50-59 жас аралығында 2 жағдай (4,2%) тіркеліпті.
Алмагүл Черимканқызы АИТВ инфекциясының дамуын бірнеше кезеңге бөліп, салалап айтып берді.
- Бірінші — АИТВ инфекциясының инкубациялық кезеңі, - деді дәрігер. - Инфекция жұқтырғаннан бастап аурудың клиникалық көріністері пайда болғанға дейінгі кезең. 2 аптадан 6 айға дейін созылатын бұл кезеңде вирусты тіпті тестілеу де анықтай алмауы мүмкін. Бірақ осы мерзімде АИТВ инфекциясы жұқтырған адамнан басқа адамдарға берілуі мүмкін. Одан кейін жедел инфекция кезеңі немесе 1 клиникалық сатысы. Бұл кезең еш симптомсыз немесе қызба, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, стоматит, дақталған бөртпе, фарингит, диарея, көкбауырдың ұлғаюы, кейде энцефалит құбылыстарымен бірге жүруі мүмкін. Бұл әдетте бірнеше күннен 2 айға дейін созылады. Ал латенттік сатысы немесе 2 клиникалық сатысында ауру өзін көрсетпеуі мүмкін, бірақ АИТВ көбейе береді, қандағы АИТВ концентрациясы жоғарылайды және ағза Т-лимфоциттердің қажетті санын шығара алмайды. Олардың саны баяу төмендей береді. Жасырын кезең 2-3 жылдан 20 жылға дейін немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Орташа есеппен–6-7 жыл. Бұдан әрі қайталама аурулардың сатысы немесе 3 клиникалық сатысына жалғасады. Қандағы вирус концентрациясының белсенді түрде жоғарылауына және Т-лимфоциттердің санының төмендеуіне байланысты, науқаста иммундық жүйе қарсы тұра алмайтын әртүрлі оппортунистік аурулар пайда бола бастайды.
4 клиникалық сатысы немесе ЖИТС, АИТВ инфекциясының дамыған кезеңінде қорғаушы жасушалардың саны (Т лимфоциттері) өте аз мөлшерге жетеді. Иммундық жүйе енді инфекцияларға қарсы тұра алмайды және олар денені тез тоздырады. Вирустар мен бактериялар өмірлік маңызды мүшелерге, соның ішінде тірек-қимыл жүйесіне, тыныс алу жүйесіне, ас қорытуға, миға әсер етеді. Адам оппортунистік аурулардан өлуі де мүмкін. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығында 1-клиникалық сатыда 142 адам, 2-клиникалық сатыда—98, 3-клиникалық сатыда—31 және 4-клиникалық сатыда 15 адам диспансерлік есепте тұр және олар тиісті ем қабылдап жүр.
Әзір емі табылмай тұрған бұл дертті жұқтыру — үлкен қасірет. Алайда, дәрігердің пайымдауынша, ауру жұққан соң ем жасауға ертерек қамданғанның жөні бөлек.
- Егер ауру уақытында анықталса және тиісті антиретровирустық терапиямен емдеу дереу басталса, иммунитеттің төмендеуі және клиникалық көріністер дамымауы мүмкін, -дейді ол.
- Бұл жағдайда иммунитет АРВ препараттарын қабылдау аясында вирустың көбеюін басу арқылы тиісті деңгейде сақталады. Сондықтан АИТВ инфекциясының ең ақылға қонымды тәсілі – бұл үнемі тестілеуден өту және ағзада вирус анықталған жағдайда тиісті емді дереу бастау. Бұл денсаулықты ұзақ сақтауға мүмкіндік береді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА