Облыстың бас дәрігері Аманбек Жұмыров Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясындағы Call-орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнда бір ауысымда 13 диспетчер жұмыс істейді. Эпидемиологиялық жағдай күрт қиындаған тұста "103" қызметіне күніне 1 000-ға жуық қоңырау түскен.
Аманбек Қабдешұлы жедел жәрдем қызметінің жұмыс барысымен танысып, пандемияға қарсы күресте алдыңғы шепте жұмысын жалғастырып келе жатқан «103» қызметінің әрбір қызметкерінің еңбегін жоғары бағалайтынын атап өтіп, ризашылығын білдірді.
«Мен бүгін 103 диспетчерлік қызметінің қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көргенді жөн санадым. Сіздерге жауапкершілік пен жүктің екі есе артқанын жақсы түсінемін. Осындағы барлық дәрігерлерге, фельдшерлерге, жүргізушілерге, әкімшілік қызметкерлерге, кезекші диспетчерлерге күнделікті жұмыс барысында пандемиямен күресте күш-жігеріңіз сарқылмасын дегім келеді», - деді ол.
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев басқарма басшысына облыс бойынша күн сайын 52 бригада кезекшілікке шығатынын, оның 16-сы тек Ақтау қаласында екенін айтты.
«Біздегі жедел жәрдем бригадалары тәулік бойы жұмыс істейді. Жедел жәрдем станциясы әдеттегідей жұмысын жалғастыруда және бір сәтке тоқтатқан емес. Коронавирустық пандемия кезінде қоңыраулар саны екі есе өсті. Біз науқастардың барлығына кепілдендірілген тегін медициналық көмекті шұғыл әрі сапалы көрсетуге тырысамыз. Біздің мамандар жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген», - деді Айларбек Елтайұлы.
Айта кету керек, жедел жәрдем қызметінің пандемия жағдайында шұғыл әрекет ету алгоритмі әзірленген. Әрекеттер жоспары да бекітілген. Барлық медицина қызметкерлері тиісті дайындықтан өткен. Жедел жәрдем көліктерін дезинфекциялауға ерекше назар аударылады. Жедел жәрдем станциясы базасында облыс тұрғындарына кеңес беру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы тағы бар.
Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаевқа орын алған кемшіліктерді жоюға және тұрақты түрде сапалы медициналық қызмет көрсетуді жоғары деңгейде ұйымдастыруға тапсырма берілді.