Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығында «Елімізге танымал, өңіріміздің, ұлы есімдерін мақтан тұтамыз» Жобасы бойынша «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық драма ұжымдарының байқауы өтті. Көркемөнерпаздардың қабілеті мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік ашу, драмалық жанрдың репертуарлық базасын нығайтып, оның дамуына ықпал ету, қойылымдардың көркемдік идеялық деңгейін арттыру мақсатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, МҚКО Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өткен сайысқа Жаңаөзен қаласы «Алтын шаңырақ» халықтық театры, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе халықтық драма ұжымы, Қарақия ауданы Сенек «Көз әйнек» драма ұжымы, Қарақия ауданы Мұнайшы «Қара шаңырақ» драма ұжымы, Бейнеу ауданы Ақжігіт халық театры, Маңғыстау ауданының Жыңғылды халықтық драма ұжымы, Онды халықтық драма ұжымы, Жармыш халық театры, Ұштаған драма ұжымы, Түпқараған аудандық драма ұжымы, орталық қызметкерлері қатысты. Шараның ашылуында алғашқы сөзді алып, қатысушыларға ақ жол тілеген басқарманың орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева: - Құрметті бүгінгі шараға қатысушылар және өнерсүйер қауым, сіздерге қош келдіңіздер дейміз. Бұл Маңғыстаудың төл перзенті, заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейлі тойына орай арнайы ұйымдастырылып отырған облыстық шара. Сондықтан бүгінгі байқауға қатысқан облыстың түкпір-түкпірінен іріктеліп келіп отырған 10 драмалық ұжымның өнерпаздары сіздердің алдарыңызда өнер көрсететін болады. Осы сайыскер өнерпаздардың қойылымын тамашалаңыздар. Байқауға қатысушыларға жүзден жүйрік шығып, жүлделі орынға ие болуларын тілеймін! Сайыстарыңыз сәтті өтсін! - деді. І орын - Маңғыстау ауданы Жыңғылды халықтық драма ұжымына, ІІ орын - Жаңаөзен қаласы «Мұнайшы» мәдениет үйінің халықтық «Алтын шаңырақ» драма ұжымына бұйырып, ІІІ орынды - Мұнайлы ауданы Қызылтөбе мәдениет үйінің халықтық драма ұжымы мен Қарақия ауданы Сенек ауылының «Көз әйнек» драма ұжымы өзара бөлісті. Бейнеу Ақжігіт халықтық драма ұжымы, Қарақия ауданы Мұнайшы «Қара шаңырақ» драма ұжымы, Маңғыстау ауданы Жармыш халық театры, Маңғыстау ауданы Онды халықтық драма ұжымы, Маңғыстау ауданы Ұштаған халықтық драма ұжымы, Түпқараған аудандық мәдениет үйінің драма ұжымына Алғыс берілді. «Үздік сценарий» атағы - Маңғыстау ауданының қатысушылары Л.Сәдуоваға, «Үздік суретші» атағы - М.Есеновке, «Үздік әйел адам рөлі» үшін сыйлығы - С.Зоранға, «Үздік эпизодтық роль» үшін сыйлығы - Г.Медиге, «Үздік эпизодтық роль» - А.Асқанбаевқа берілісе, «Үздік костюмер» және «Үздік режиссер» атағы - Қарақия ауданынан М.Қуантқановаға, «Үздік ер адам рөлі» атағы - Бейнеу ауданынан қатысушы сайыскер Ә.Көмековке табыс етілді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85757,85762,85758,85761,85759,85760,85756,85755,85764,85754,85763"]