Үкімет басшысы Асқар Мамин Ақтаудағы «Slumberger» зауытына барды. Ол іссапар барысында зауыттың тыныс-тірлігімен етене танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Заман талабына сай ең соңғы үлгідегі су жаңа технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы ауқымды инфрұрылымдық жоба ретінде зор маңызға ие. Премьер-Министр зауыттағы өндіріс үрдісіне көз жүгіртіп, жұмысшылардың қолайлы еңбек жағдайы жайлы мағлұматқа қанықты. Делегация өкілдеріне электрлік орталықтан тепкіш батырмалы сорап, батырмалы жетекті бұрандалы сорап қондырғысын және көлденең сорап жүйесін орнату бойынша кешенді қызмет көрсететін жаңа өндірістік-сервистік орталық таныстырылды. Сорапты қондырғыларды орнату бойынша қызмет көрсететін база былтыр іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына мың ұңғымаға дейін қызмет көрсетуге жеткілікті. "Slumberger" компаниясының Қазақстандағы филиалы Атырау қаласында тіркелген. Ал Маңғыстау облысындағы "Мегабаза Ақтау" 2012 жылы іске қосылды. Өндіріс базасы компанияның ҚР бойынша теңіз операцияларын сәтті жүргізетін басты орталық. Ол жер қабатын зерттеу, бұрғылау және өлшеу, цементтеу, ұңғымалар құрылысы, оларды геофизикалық әдістермен зерттеу, геолого-техникалық талдаудан өткізу, көмірсутекті өңдеу саласында әлемдік рейтингте көш бастап келеді. Қазіргі таңда алпауыт әлем бойынша 85 мемлекетте компанияға тиесілі өндіріс ошақтары жұмыс істеуде. Зауыт Каспий аймағындағы мұнай кен орындарын геологиялық барлау және өңдеу бойынша ірі жобаларды орындауға аса қажетті арнайы технологиялармен жабдықтаушы кәсіпорын ретінде белгілі. Бүгінгі таңда Каспий қайраңындағы және құрлықтағы мұнай қорын игеру мақсатында жүздеген ұңғымалар құрылысын жобалауға жетекшілік етті. Еліміздің мұнай-газ кешенінде маңызды рөлге ие компанияның алдағы уақытқа көзделген жобалары жетерлік.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ