Қаратөбе жерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ауылым Қызылқұмның етегінде» деген атпен Шебір селосы тұрғындарының қатысуымен әдемі кеш өтті. Маңғыстау ауданы әкімінің қолдауымен, «Маңғыстау» телеарнасының «Сөз бен саз» жобасының кезекті концертіне келген қонақтарды Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай атқа отыру мәдениетін көрсету мақсатында жас атбегілер тобынан құралған ауыл тұрғындары күтіп алды. 1978-79 жылдары өмірге келген ауыл жастарының жұбайлары ақ көйлек, ақ орамал, қара кәжекеймен қонақтардың алдынан шығып, ата-баба дәстүрімен иіліп сәлем беріп, ақ шұбат, қызыл бауырсақпен қарсы алып, ауыл клубының жанына екі ақ боз үй тігіліп, қонақтарға арналған қонақасы берілді. Қызыл кілемнің үстімен салтанатты түрде сап түзеп ішке кірген қонақтарға облыстық мәдениет басқармасына қарасты Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапхананың Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында арнайы жасақталған – «Әлемдік әдебиетке олжа салған қаламгер» кітап көрмесі және ауыл шеберлерінің өз қолымен жасалған тарихи жәдігерлері, оның ішінде құмнан табылған үлкен құмыра таныстырылды. Ауылдағы алғашқы домбыра оркестрін құрған Төленжан, Төре, Жұмағали секілді ардагерлерге арналып шиырма буклеттер дайындалып, көрмені тамашалаған қонақтарға таныстырылды. Кешке сатирик, ақын, журналист Қожахмет Демеубергенов, балалар ақыны Көмек Ыбыраев, Ерекен Қорабаев, 1957 жылы Мәскеу қаласында өткен дүние жүзі жастары мен студенттерінің VІ фестиваліне қатысу үшін іріктелген облыстық сайыста Зәуреш Есбергеновамен бірге ән салған өнерлі азаматтар Ақкүріш және Бақтыбай Теңізбаев, бәйгенің алдын бермеген «Ақмоншақ» аттың шабандозы Мұхамбет, Орал, Ақтөбеден келген сазгерлермен бірге алматылық Алтынгүл Ұзаққұлова т.б. қонақтар қатысты. Осы кештің аясында Шебір туралы жаңа 4 бірдей әннің тұсауы кесіліп, көпшілікті думанға бөледі.
Үміт ЖӘЛЕКЕ