Қоғамдағы өзгерістер, жаһандану заманында жастардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық біліктілігін, отансүйгіштік сезімін дамыту өзектілігін арттыруда. Бұл жөнінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында адамның құндылығы, рухани байлығы, бойында патриоттық рухы бар көшбасшы жастарды тәрбиелеу қажеттілігі айтылған.
Көшбасшылық сана-сезімді өскелең ұрпақ санасына қондыру үшін бүкіл қоғам, мемлекет болып атсалысу қажет. Осы орайда Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2018 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Қазақстан Республикасының стратегиялық даму бағдарламаларын, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды аймақта жүзеге асыру барысын халық арасында түсіндіруге бағытталған шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруда.
Аталған жоба аясында аталмыш бірлестік мүшелерінің ұйымдастыруымен жастар және жалпы тұрғындар арасында өңірге танымал тұлғаларды, көшбасшыларды насихаттау мақсатында «Жанымызда жүрген көшбасшы» атты кездесу өтті. Кездесу қонағы – өнер иесі, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің көркемдік жетекшісі, халықтық «Жорға» би ансамблінің негізін қалаушы директоры, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының бас балетмейстері Серік Сариев. Кездесуге жастар, ҮЕҰ өкілдері және ардагерлер қатысты.
Кездесуді Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жетекшісі Жібек Ахметова жүргізіп, еркін сұхбат түрінде өтті.
Шара «Қоян – Бүркіт» биімен ашылып, кеш қонағы қазақ ұлттық би тарихына шолу жасады. «Қоян – Бүркіт» туындысын алғаш өнерпаз Дәурен Әбіров қойғанын, оның 1938 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқанын, сол кезде 11 жаста болғанын айтты. Сонымен қатар «Қоян – Бүркіт» биінің мазмұны бойжеткен мен бозбала арасындағы алғашқы махаббат, қыз алып қашу дәстүріне негізделгенін түсіндіріп берді. Серік бұл туындының қазақ биінің алтын қорындағы шедеврлер санатынан орын алғанын, соңғы кезде өзінің классикалық би өнеріне ден қоя бастағанын айтты.
Биді Маңғыстау өнер колледжінің хореография бөлімінің 3-курс студенттері Нияз Қайырлиев және Рыскенова көпшілікке ұсынып, кеш барысында Камила Мұрат «Шалқыма» биін тарту етті.
Кешке қатысқан әуесқой сазгер Ерекен Қорабаев:
- Сазгерлер сізге би қойып беру жөнінде жеке тапсырыс бере ме? – деген сұрақ қойды. С.Сариев Патшайым қыз Томириске арналған авторлық туындысы бар екенін айтып, алдағы ақпан айына жоспарланып отырған үлкен көрмеге қатысатыны туралы ойымен бөлісті.
Кезінде Шара Жиенқұлова билеген «Айжан қыз» туралы бір дерек тапқанын, Құрманғазының Адай ауылына келгенде шыққан күй екенін білгенін айтып, күй аңызын әңгімелеп берді. Сонымен бірге кезекті бидің сахнаға шығу барысында туындайтын қиындықтарына, шеберлік шыңдаудың жолы сан тарау екеніне тоқталды.
1979 жылы 16 қаңтарда Шетпе кентінде дүниеге келгенін, бұйыртса енді 40 жасқа толатынын айтқан Серік өнерге деген қызығушылығы қалай оянғаны, «Эхо планеты» журналын алу үшін поштаға баратыны, көпшіліктен оқшаулау өмір сүретін киномеханикпен қарым-қатынасы жайында естеліктерін шынайы әңгімелеп берді. Сол ерен қызығушылық әсерімен «Кино Индии» деген кітапты «Мына кітап кімдікі?» деп 3 рет айқайлап, ешкім жауап қатпағасын сөмкесіне салып алғанын да жастардан жасырмады.
- Біз 6 бауырмыз, жиі жиналамыз. 7-класта қалтамда акт залының кілті болатын. Ұйымдастырушылық қабілетім жақсы болғандықтан мектеп директоры, завучтармен қарым-қатынасым өте жақсы болды. Менің қалауы ма әке-шешем ешқашан қарсы болған жоқ. Соның арқасында 3, 4-кластан бастап үлкен сахнада билей бастадым. Менің бақытыма орай 1994 жылы Өнер колледжі ашылды. Соған оқуға түстім, – деп сыр бөліскен Серік 1997 жылы студент кезінде «Жорға» би ансамблін ашқанын, сол өнер ұжымына осы күнге дейін жетекшілік етіп келе жатқанын айтты. Жастардың сұрағына орай концерттік киімдерін өздері тігіп, даярлайтынын жеткізді.
- Биші болу үшін адам бойында қандай қабілеттер болуы керек? – деген сұраққа кездесу қонағы:
- Табиғи физикалық әдемілік керек. Кәсіби бишілер 11 жастан қабылданады. Иығы кең, басы үлкен адам керек. Басы кіші, мойны ұзын, аяғы ұзын болса, жақсы. Оған қоса музыкалық есту, сезімталдық қабілеті жоғары болуы керек. Ол табиғатқа қарсы шығумен бірдей дайындықтарды қажет етеді. Одақ кезінде биші маман 35-36 жасында демалысқа шығатын заң болды. Ол оның күрделілігін көрсетеді. Одан соң ұстаздықпен айналысуға болады.
Әдістемелік құралдарымен көмектесуін сұраған, кездесуге арнайы Жаңаөзеннен келіп қатысушы балабақшаның музыка маманы «Қазақ биі» топтық жетекшісі Махаббат Рейімоваға көмек беруге дайын екенін білдірді.
- Неден шабыттанасыз?
- Кез келген әдемі нәрседен. Ол әдемі музыка немесе сурет, адам, соның бәрінен шабыт аламын. 14 мемлекетте өнер көрсеттік. Менің арманым – кәсіби би орталығын ашу.
Кездесуге қатысқан еңбек ардагерлері Ақмоншақ Баужанова, Бекбасар Төлегеновтер тілек айтып, өнер иесіне шығармашылық табыс тіледі:
- «Талапты ерге нұр жауар» деген бар, міне, Серікке сол талаптанғанының арқасында нұр жауып тұр. Дүниежүзіне қазақ биін таныта бер. Маңғыстауды әлемге таныта бер, өмір жасың ұзақ болсын! – деді олар.
- Өмірде үлгі тұтатын адамыңыз?
- Үлгі тұтатын адамым – өз анам. Ол қолөнер шебері. Әкесі ағаш шебері болған.
Кездесу барысында Серік Сариевтің тұлғалық және саяси ұстанымын өскелең ұрпақ арасында насихаттап, қатысушылар «көшбасшы» ұғымын жан-жақты дамыған үйлесімді тұлға ретінде қарай отырып, оның қалыптасуы мен дамуына ықпал ететін отбасы, қоршаған орта, мектеп, табиғат, ұлттық тәрбиенің рөлдері талқыланды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ