Мәдени сала бойынша Жаңаөзен қаласының абырой-беделін көтеруге елеулі үлес қосып келе жатқан «Асыл мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің тек осы жылы жеткен жетістіктерінің өзі ауыз толтырып айтарлықтай. Тізбелеп көрсек, ансамбль ұжымы биыл Астана қаласында өткен «Ақ көгершін» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде 2-орын, Түркия мемлекетінің Испарта қаласында өткен «Гюль» фестивалінде лауреат, Бурабайда өткен «Алтын дән» республикалық байқауында 1-орын, Ақтау қаласында өткен «Ақ желең» республикалық байқауында бас жүлде, Ақтөбе қаласында өткен «Aktobemuzikfest» республикалық байқауында ансамбльдің үлкен тобы да, кіші тобы да 1-орын, Ақтау қаласында өткен «Құрманғазы – 200» республикалық балалар және жасөспірімдер байқауында бас жүлде және Алматы қаласында 2019 жылы өтетін супер финалға тегін жолдама алып, биіктерден көрінді. Оның сыртында ансамбльдің жетекшісіне бірнеше рет байқауларда «Үздік ұстаз» дипломы мен Құрмет грамотасы табыс етілді. Биылғы жылы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған ансамбль жетекшісі, өнердің өз адамы Қарагөз Кемерованың табыстары мен алдағы жоспарлары туралы айтары да аз емес. – Кішкентайынан өзім қабылдап, өнерге баулып, тәрбиелеген шәкірттерімнің осындай жетістіктерге жетуіне тікелей ықпал жасап, қайда барса да қаржылай көмек көрсетіп отырған ата-аналарға алғысым шексіз. Сонымен қатар демалыс күн демей, таңнан кешке дейін дайындық жасап, оқушыларға да, өзіме де тыным бермей жасаған еңбегімнің жемісі. Аллаға шүкір! Ансамбль құрылған 2006 жылдан бастамай-ақ ансамбльдің үлкен және кіші тобының тек осы жылы жеткен жетістіктерінің өзі жеткілікті. Сол байқаулардағы жеңістермен қатар өнер ұжымына алдағы жылы Алматыда, Францияда, Дубайда өтетін республикалық, халықаралық беделді байқауларға қатысуға жолдамалар берілді, – дейді ұстаз.
М. КЕНЖЕМҰРАТ