Бір байқағаным, денені жалаңаштау, үнемі шалбар кию ұрғашының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын өзгертпей қоймайды екен. Бұл күнде әйел қауымы түгел шалбарланып болды десем, өтірік емес. Жасы да, егдесі де, арық-семізі де, шашы аппақ қудай, құйқасы көрініп тұратын әже де жарассын-жараспасын тайлы-таяғы қалмай жарысып жүр. Бұрын «қазақтың қазақ болмысын сақтап отырған ауыл» деп көңілге тоқ санайтын едік, енді сол ауылдың өзі көйлекті менсінбейтін болыпты.
«Есті қыз етегін қымтап отырады» дейтін анамыз. Көйлек деген әйелдің сәні еді ғой. Көйлек кигендердің көп жері жабық болғандықтан бейсауат көз сұқтанбайды. Көйлектілер етек-жеңін реттеп, қымтана жүреді. Қадам басу жүрісі соған сәйкес сыпайы, аяқ-қолын қалай болса, солай қозғамайды. Көйлек әйелді артық қозғалыстан тежеп, бірқалыпты ұстайды. Тіпті денесіндегі кем-кетік жері елеусіз қалады.
Ал шалбар кигендердің көбі ораң-сораң бұтын керіп, жүре береді. Қымсынбай, кез келген ортада аяқты ерлерше айқастырып та, екі аяқты алшақ қойып, тақымын көрсетіп те, отыра береді. Байқамай, көп аздан көлемді көп жинала келе еркек мінездес, еркек пішіндес, еркек жүрісті әйелдер көбейді.
Жарайды, заманның бұл да бір әйелге бұйырған енші киімі шығар дейік. Бірақ әр киімнің киілер орны, жарасар ортасы бар ғой. Театрға, тойға, салтанатты жиындарға, ұялмай, өлім мен мешітке шалбармен баратындарын қайтерсің! Мұны сыпайылап, жұмсақтап айтсам, бұл – мәдениетсіздік, талғамсыздық.
Менің еркектерге жаным ашиды, әйелдерге билігін берді, жұмысын берді, бөркін берді, арағы мен темекісінен де айырылды, қалғаны шалбар еді, оны да шешіп берді. Енді несі қалды әйелдер алмаған?
Тағы оқыңыздар: Ақтаулық қос өнерпаз Грекияда топ жардыСырт пішіні, киім киісі өзінен аумайтын еркекшора жарымен келе жатқанда қандай сезімде болады екен, әлде «өз әйелімді былай қойғанда, қазір барлық әйел атаулының бойынан біз қызығатындай құпиялы, сырлы ештеңе қалған жоқ, баяғыда «демократияланып кеткен» дей ме, ол жағы маған беймәлім.
«Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» деген екен қазақтар. Асыр-тасыр ағатын тау суындай арындап жетіп, жан-жақтан қаптаған «мәдениеттерге» титімдей де ықтырма қалқан қоя алмағанымыз дәрменсіздік пе, ескектен айырылып қалған керенаулық па, білмеймін. Тек бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан қабырғам қайысады. Әйтпесе, ұзында – өшім, қысқада кегім жоқ бейбіт адаммын.
Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынды