Қалалық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық даму, бюджет, құрылыс, өнеркәсіп, тұрғын-үй және коммуналдық шаруашылығы, көлік, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа Жаңаөзен қалалық мәслихаты хатшысы мен депуттаттары қатысты. «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2015-2016 жылдары атқарылған және атқарып жатқан жұмыстары қаралды.
Бірінші мәселе: аталған мекеменің бекітілген жұмыс жоспары, 2015-2016 жылғы бюджеттік өтінімдері және бөлінген қаражатты игеруі, өткізілген конкурстар. 2016 жылға бюджет өтінімдері бойынша Құланды ауылына жүретін автокөлік жолдарын кеңейтуге және Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылы (Мешіт аумағы) көшелерінің автокөлік жолдары құрылысына бөлінген қаражаттар толық игерілген. Ал қала бағдаршамдарын жөндеу, көшелердегі жаяу жүргіншілер жолағын жасау, жол белгілерін орнату, Жұлдыз, Мұнайлы және Бостандық шағын аудандарына қарасты автокөлік жолдарын жөндеу құрылысына бөлінген қаражат игерілуде. Қаламыздағы автомобиль жолдарына жасанды жол кедергілерін орнату және мүгедектерге арналған жол белгілерін орнату жұмыстары кезек күттіріп тұр. Екінші мәселе: 2015-2016 жылғы жол құрылыстары. Осы уақытқа дейін «Мерей» шағын ауданындағы №34 көшесінің, «Бәйтерек» шағын ауданындағы С.Шалабаев және А.Орынбаев көшелерінің, Теңге ауылындағы «Қазақстан» көшесінің, Қызылсай ауылы Мешіт аумағы көшелерінің жол құрылыстары толықтай аяқталған. Сондай-ақ Жаңаөзен-Құланды автокөлік жолын кеңейту жұмыстары жүргізілген. Үшінші мәселе: жол белгілері және қоғамдық көліктерді қарау. Жаңаөзен қаласы және іргелес елді мекендерде автокөлік жолындарындағы 104 жол белгісі жаңартылған. Мүгедектердің қаладағы жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында 38 әлеуметтік нысандардың жанына мүгедектердің автокөліктеріне тұруға арналған тұрақ орындарына 38 жол белгісі орнатылды. Автокөлік жолдарына жаяу жүргінші жол жолақтары жаңартылып, 169 дана бағдаршамдарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаяу жүргіншілердің автокөлік жолынан өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың орталық көшелерінің реттелмейтін 19 жаяу жүргінші өткеліне жасанды жол кедергісі, 20 жаяу жүргінші өткеліне жарықты диодты катафоттар орналастырылған. Юсуп Коккозов, «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы: - Жаңаөзен қаласы және оған қарасты елді-мекендердің тұрғындарын қоғамдық көлікпен тасымалдауға 10 маршруттық бағыт бойынша 3 жеке кәсіпкер тұрақты жолаушылар тасымалы қызметін қамтамасыз етті. Ағымдағы жылы жолаушылар мен багажды автомобильмен қалаішілік тұрақты тасымалдау қызметін атқарудағы және кәсіпкерлермен жасасқан келісім-шарттың аяқталуына орай, маршрут сызбаларын қайта жасақтап, қызмет көрсету құқығына конкурс жарияланды. Маусым айының 25 жұлдызында жарияланған конкурс бойынша, тамыз айының 12 жұлдызында шыққан конкурс қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлер Т.Кисиков №4 және №12 маршруттар бойынша К.Индибаев №9 және №20 маршруттардың ұйымдастырушысы болып анықталды. Юсуп Коккозовтың баяндамасына сәйкес депутаттар тарапынан сұрақтар туындап, алдағы жоспар нақтыланды. Сақи Мыңбай, Жаңаөзен қалалық мәслихат хатшысы: - «Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2015-2016жылдары атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстары толық қаралды. Жоспарға сәйкес талқыланған мәселелер аталған мекеменің жұмысына тың серпіліс береді деген ойдамыз. Әлемдік экономикалық нарықтағы қаржы дағдырысына қарамастан, бөлінген қаржыны орнымен игерген мекеменің жұмысы көңілге қонымды. Өткен жылдарға қарағанда атқарылған жұмыстардың нәтижелілігі байқалады. Депутаттар тарапынан түскен ұсыныстар қаралып, Жаңаөзен қаласы және оған іргелес елді мекендердегі автокөлік және жаяу жүргінші жолдарының сапасы арта түседі деген ойдамыз.
Әсел ҚОЙШЫБАЕВА