Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі құрамына бірнеше басылым мен екі сайт кіретін «Шығыс ақпарат» ЖШС қызметкерлерін өз ғимаратынан қуып жатыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы тез арада ғимаратты босатып, ескі орынға «жайғасуды» талап етіп отыр екен. Бұл туралы медиахолдинг қызметкерлері айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шығыстағы әріптестеріміздің жан айқайы маңғыстаулық БАҚ-қа да жетті. Журналистер әкімдіктің Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Дидар» газетінің 90 жылдығына жасаған «тартуына», әлбетте, риза емес. Өйткені, әкімдік бір ғасырлық тарихы бар, еденін бассаң аяқтан сыз өтетін ғимаратты беріпті. «Шығыс ақпарат» медиахолдинг қызметкерлерінің айтуынша, әкімдіктің бұл әрекеті – облыстың тарихын газет бетіне қалдырып жатқан БАҚ өкілдеріне деген құрметтің мүлде жоқтығының дәлелі.
Бұл ғимарат бұрын балабақша болған, осыдан шамамен 20 жыл бұрын «Шығыс ақпарат» медиахолдингі осында орналасты. Өскемен қаласының орталығындағы бұл ғимаратта бірнеше газет пен баспахана ұжымы жұмыс істеп отыр. Ал медиахолдинг құрылтайшысы Шығыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы жақын арада ғимаратты босатуды талап етіп отыр. Тіпті бұйрық шығып қойған. Олар Өскеменде бала саны көп, балабақша жетіспейді деген уәж айтып, облыстың бас басылымының ғимаратын алмақшы. Ал басылым қызметкерлерін қаланың шетіндегі іргетасы қаланғанына бір ғасыр болған ғимаратқа көшіреміз деп жатыр. Ол жерге жөндеу жасап береміз дейді, алайда ғимаратта дымқылдық бар. Қанша жөндеу жүргізсе де ол ылғалдық кетпейді. Оның үстіне бұндай жағдайда жұмыс істеу адам денсаулығына зиян, - дейді медиахолдинг қызметкері.
Айтуынша, «жаңа» ғимаратқа медиахолдинг қызметкерлері түгел сымайды. «Мәселен медиахолдингте 150-ге жуық адам қызмет етеді, ал «жаңа» ғимарат 65 адамға ғана шақталып тұрғызылған» дейді басылым қызметкерлері. Олар газеттің оқырмандары мен жарнама берушілер қазіргі ғимаратқа үйреніскен еді, медиахолдингті көшіріп жіберсе қаланың шетіне газет іздеп баруға ешкімнің құлқы болмай қалуы мүмкін деп алаңдайды.
"Шығыс ақпарат" ЖШС беріліп жатқан ғимарат көрінісі
"Шығыс ақпарат" ЖШС беріліп жатқан ғимарат көрінісі
«Басыңнан бақ тайса... БАҚ қара шаңырағының басынан бақ тайғалы жеті жыл болды. Жеті жылда жеті бастық ауысып, жылда бір дау шығып тұратын. Ал енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына "тамаша тарту" жасап отырған құрылтайшымызға "...алғыстан" басқа айтарымыз жоқ. Ғасырлық тарихы бар қос газеттің қызметкерлеріне ғасырлық ғимараттан "үйшік" сыйлап отыр», - деп жазады Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің жауапты хатшысы Тілеукен Әлжікеев өзінің фейсбук парақшасында.
«Шығыс ақпарат» медиахолдингінің қазіргі жағдайын «Маңғыстау медиа» ұжымы жақсы түсінеді. Өйткені, ғимарат мәселесі біздің ұжымның басында да болған. Ішкі саясат басқармасы әкімдік ғимаратында отырған «Маңғыстау медианы» Ақтаудың шетіндегі ескі орынға бөлек шығарып жіберген. Содан кейін ұжым бес жыл бойы сол орыннан тапжылмастан жұмыс істеді.
«Біз Шығыстағы әріптестеріміздің басына күн туғанда үндемей қала алмаймыз. Біз де ескі ғимарттың зардабын тарттық. Әркіммен «шайқасып» жүріп әрең дегенде былтыр қаланың ортасындағы үлкен кеңсені алдық. «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің мәселесі тез шешімін тапсын деген тілек білдіреміз. Журналистер ең жақсы кеңсеге лайық, оған ешкімнің таласы болмау керек», - дейді «Маңғыстау медиа» ЖШС директоры Айсұлу Дутбаева.
Махаббат Нұржанқызы