Бүгін Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару департаментіне қарасты ГМ-172/6 түзету мекемесінің басшылығы облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылына қолөнер бұйымдарын сыйға тартты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қолөнер бұйымдары қатарында «стринг арт» техникасымен салынған суреттер, қыздарға арналған қобдишалар, кітап қоюға арналған сүйемел, шахмат тақтасы, балалардың жалпы моторикасы мен ой-өрісін дамытатын ойыншықтар, желкенді кеме, қорған мен үй модельдері, түрлі ағаш бұйымдары бар.
«Сотталғандардың ерікті қолөнер ұйымы ҚР қылмыстық атқару кодексінің №126 бабына сәйкес құрылған болатын. Соның аясында аталған қолөнер бұйымдарды түзету мекемесіндегі өндірістік аймақта жұмыс істейтін жазасын өтеушілер жасап шықты. Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен сыйға беріп жатырмыз», - дейді әділет капитаны Азат Шабиков.
Оның айтуынша, мұндай шара бірінше рет емес бірнеше рет болған.
Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының басшысы Орынбасар Наурызбаев сыйға берілген қолөнер бұйымдары үшін ГМ-172/6 түзету мекемесіне алғыс айтып, өз ризашылығын білдірді.
Қазіргі таңда балалар ауылында әр түрлі жастағы 28 бала тәрбиеленіп жатыр. Олар қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытып, қолөнер бұйымдарынан көрме, ал тұрмыстық бұйымдарды күнделікті пайдалануды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН