«Арман» жастар орталығында ардагерлердің қатысуымен мектеп оқушыларына арналған «Ерлік сабағы» өтті. «Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс қимылдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Бұл шара Ақтау гарнизонына қарайтын әскери бөлім офицерлерінің ұйымдастыруымен өтті.
Біздің мақсатымыз - оқушылардың бойына патриоттық сезімін қалыптастыру, ерлікке, Отаншылдыққа, ұлтжандылыққа баулу, ардагерлердің ерлігін насихаттау, - деді облыстағы Таулы Қарабақтағы ұлтаралық қақтығыстарды реттеуге қатысқан ұрыс ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әбдірашит Нияз.
Жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін көтеруде осындай шараның маңызы зор. Ақтау гарнизонына қарасты бөлімнің офицерлері тәлімді дәріс оқып, ардагерлер тарапы өздерінің ыстық ықыластары мен лебіздерін білдірді.
Жиында мектеп оқушылары әскери жаттығу жасап, қару-жарақты жинап, түрлі жауынгерлік машықтарын көрсетті. Сонымен қатар, Қарулы Күштердің құрылуы жайында бейнебаяндар көпшілік назарына ұсынылды. Жасөспірімдер әскери қызметке қатысты көкейде жүрген сауалдарын қойып, қажетті ақпараттарын алды.
Ардагерлер жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулуға және отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған шара соңында қақтығыс кезіндегі әсерлерімен бөлісіп, елге тыныштық пен бейбіт өмір тіледі.