©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиын күн тәртібінде қаңтар, ақпан айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы, бюджеттік есептің орындалуы, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауар бағалары қаралды. Облыстың қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерұлан Мырзатаев 2019 жылдың екі айындағы жергілікті бюджет түсімдерін тарқатып айтып берді. «Биыл 2019 жылғы 1 наурыз жағдайына облыс бойынша жергілікті бюджеттің түсімдері 24,5 млрд. теңгені немесе есепті кезеңнің жоспарына қарағанда 119,2%-ға асыра орындалды. Асыра орындалу сомасы (3,9 млрд. теңге) негізінен салықтық түсімдерге тиесілі. Олардың ішінде жеке табыс салығы – 1,5 млрд. теңге, әлеуметтік салық – 951 млн. теңге және заңды тұлғалардың мүлік салығы – 1 млрд. теңге», – дейді Ерұлан Бахадүрұлы. Оның айтуынша, кірістер жоспары барлық қала және аудандары толықтай орындаған. Облыс бюджетінің шығыстары есепті кезеңде 21,8 млрд.теңге болып, 89,9%-ға игерілген, оның ішінде жергілікті бюджет 91,6%-ға немесе 20,5 млрд. теңгеге, республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер 70,2%-ға немесе 1,3 млрд. теңгеге орындалды. Анықтама үшін айта кетсек, өткен жылдың тиісті кезеңінде орындалысы 20 млрд. теңгені немесе жоспардың 84,9%-ын құрады, оның ішінде жергілікті бюджет – 84,4%, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер – 94,7%. «Тәжірибе көрсеткендей, ірі салық төлеушілер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің салық төлемдері әр айдың 25-інде төленеді. Қазынашылық органдарында төлемдерді жүргізудің басым бөлігі дәл осы кезеңге түсетініне байланысты, шығыстарды өткізу басымдық тәртібімен, яғни алдымен еңбекақы және салық аударымдары жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 22 ақпанынан бастап республика деңгейінде Қазынашылық Клиент ақпараттық жүйесінде техникалық ақаулар орын алып, бұл өз кезегінде облыстық және аудандық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен төлемдерді уақытылы өткізуге кері әсерін тигізді. Осыған байланысты, ағымдағы жылдың 1 наурызы жағдайына жергілікті бюджет қолма қол қаражатты бақылау шотында 5,5 млрд. теңге көлемінде ақшалай қаражат қалдығы қалыптасты», – дейді Ерұлан Мырзатаев. Осылайша жергілікті бюджет қаражатының жоспары 1,9 млрд. теңгеге игерілмеген. Облыстық бюджет бойынша ең көп игерілмегені білім басқармасына, қаржы, дене шынықтыру және спорт басқармаларына тиесілі екен. «Білім басқармасы – 873 млн.теңге, бұл мемлекеттік-жеке әріптестік келісім шартына сәйкес мемлекеттік міндеттемелер бойынша қарызды өтеуге шығарылған инкассалық өкім негізінде операциялардың тоқтатылуына байланысты колледждерге аударылмай қалған мемлекеттік білім беру тапсырыс сомасы (684 млн. т); келісім шарттардың ұзақ жасалуы (93 млн. т) және қазынашылық органдарына төлемдерді кеш ұсынылуы (52 млн. т). Қаржы басқармасы – 280 млн. теңге, Мұнайлы ауданының бюджетіне аударылмаған субвенция сомасы (245 млн. т.). Дене шынықтыру және спорт басқармасы– 180,3 млн. теңге, бұл негізінен бағынысты ұйымдардың (клубтар) еңбек шарттарының кеш жасақталуы қазынашылық органында мемлекеттік сатып алулар шарттарының кеш тіркелуі және сондай-ақ спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының өзгеруіне байланысты», – деп түсіндіре кетті Е.Мырзатаев. Сонымен қатар аппарат жиынында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Марина Альбекова, өңірдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары туралы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева баяндады. Венера Тұранқызының айтуынша, аймақта әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларын тұрақтандыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылған. Ең алдымен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жоспары бекітілген. Сосын күн сайын облыстағы сауда нысандарында бөлшек сауда бағаларына мониторинг жүргізіліп келеді. Ай сайын тауар бағаларының көтерілуіне жедел әрекет ету жөніндегі облыстық штабының отырыстары өткізіліп тұрады. Аппарат жиынының қорытындысында облыс әкімі Е.Тоғжанов күн тәртібінде талқыланған мәселелер бойынша жауапты мекеме басшыларына, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеді. Сондай-ақ «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры қызметіне тағайындалған Айсұлу Дүтбаеваны көпшілікке таныстырып, қызметіне табыс тіледі.Жайық НАҒЫМАШ