©
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен өткен кезекті аппарат жиынында «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалысы, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, жалдамалы, несиелік пәтерлер және «7-20-25» бағдарламасы талқыланды. Осы сұрақтар төңірегінде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Эльдар Машырықов кеңінен баяндап өтті. «2019 жылдың алғашқы 2 айының қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 282 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда он пайызға көп. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да 2019 жылы республикалық бюджеттен 6 млрд. 798 млн. теңге бөлінді. Жалдамалы тұрғын үйлерге келетін болсақ, оның құрылысына осы жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. 523 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы алдағы уақытта 17,122 мың шаршы метрді құрайтын 304 пәтерге арналған тұрғын үйлер құрылысын салуға жұмсалмақ. Осы жылдың соңында облысымызда 160 пәтерге арналған жалдамалы тұрғын үйлер құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олар: Қарақия ауданы, Құрық селосында төрт тұрғын үй, жалпы ауданы 5,135 мың шаршы метрді құрайтын 96 пәтер. Нысан 2019 жылы аяқталады. Одан соң Форт-Шевченко қаласында 48 және 16 пәтерге арналған тұрғын үй. Екеуі де осы жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Ақтау қаласында 19а шағын ауданда 144 пәтерге арнал ған тұрғын үй. Бұл жұмыс 2020 жылы да жалғасын табады. Сонымен қатар осы бюджеттің нақтылауын да қосымша 1 млрд. 800 млн. теңгеге 292 пәтерді құрайтын 5 нысан құрылысы қосымша ұсынылды. Олар: Форт-Шевченко қаласында жалпы ауданы 3,9 мың шаршы метрлі 72 пәтерге арналған және 16 пәтерге арналған тұрғын үй. Жетібай селосында – 192, Құрық селосында 2 пәтерлі 6 тұрғын үй құрылысы. Тағы бір айта кетерлігі, республикалық бюджеттен несиелі тұрғын үй құрылысына Ақтау қаласының 19а шағын ауданында 432 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысының жобасы ұсынылды. Алайда аты аталған нысанның қымбат болуына байланысты және жергілікті бюджетке ауыртпалықты төмендету мақсатында бұл жер учаскесіне басқа тұрғын үйді жобалап, құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұл пәтерлер кезекте тұрғандарға, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына, сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы бойынша халық арасында іске асырылатын болады», – деді Э.Машырықов. Айта кету керек, 2019 жылға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысына 2 млрд. 275 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржы өткен жылы басталған 18, 18а, 19а шағын аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын аяқтауға жұмсалмақ. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінгі күні облыс бойынша 309 өтінім мақұлданған. Тағы бір айта кетерлігі, Ақтау қаласының аумағында 36 жер учаскесінде шамамен 6 мың пәтерге арналған коммерциялық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, олардың басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасы бойынша халыққа берілмек. Сондай-ақ бюджет саласындағы қызметкерлерге, жастарға пәтер алу бойынша да біршама жеңілдіктер қарастырылуда. «Орталық мемлекеттік органдар барлық өңірлердің бірыңғай тәсілді қолдануы үшін тұрғын үй қатынастары туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жолымен бастапқы жарнаны төмендету бөлігінде жұмыс жүргізуде. Яғни заңға тұрғын үй сертификаттары ұғымы енгізіледі. Біз өз тарапымыздан бюджеттік несие беруді қарастырудамыз. Заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін бастапқы кезеңде бұл мақсаттарға бюджеттік нақтылауда 100,0 млн.теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жұмсалады деп күтілуде және ағымдағы жыл «Жастар жылы» болуына орай, қосымша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін алғашқы жарнаны төмендетуге қосымша 100,0 млн. теңге бөлу мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз», – деді Э.Машырықов. Аппарт жиынынан соң облыс басшысы Е.Тоғжанов Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған «ҚазМұнайГаз» ҰК» төрағасының бірінші орынбасары Жақып Марабаевты және «NCOC» компаниясының өкілдерін қабылдады. Іскерлік кездесуде қос тарап өңірлерге арналған әлеуметтік-инфрақұрылым жобасы аясында атқарылар ауқымды жұмыстарды пысықтады. Алғашқы сөз кезегін алған Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев өз өңірінде бұл жобаның жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. «Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың әлеуметтік-инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобасы аясында су, газ құбырлары жүйелі түрде салынып, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Атап айтар болсақ, жақын арада Атырау облысының әр аудандарын да салынып жатқан мектептер, мәдениет үйлері, спорт нысандары, яғни халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған барлық нысандар бой көтеріп жатыр. Біз өз тарапымыздан құрылтайшы компанияларға алғысымызды айтамыз», – деді ол. Одан соң сөз кезегін алған «ENI» компаниясының менеджері Лука Виниятти аты аталған жоба аясында қарастырылған қаражат көзін айтып өтті. «Маңғыстау, Атырау өңірінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-инфрақұрылым жобасын назарға ала отырып, біздер бұдан әрмен де бұл жобаларды жүзеге асыруды өте маңызды деп санаймыз. Осы жобаға қарастырылған қаражат көзін көбейтсек деген жақсы ниетіміз бар. Осы жерде ресми айтып өтсем, әлеуметтік-инфрақұрылым жобасы аясында Атырау және Маңғыстау облысына 3 жыл ішінде, әр жыл сайын 50 миллион доллар жобасында қаражат бөлуді ұйғардық. Сіздерге тағы бір айтатынымыз, біздің көргіміз келетіні, осы жоба аясында білім беру саласына көп көңіл бөлінсе деген ойымыз бар. Біздер алдағы уақытта да осы айтылған жобалар шеңберінде бірнеше ұсыныстар ұсынатын боламыз. Соларды мақұлдау барысында сіздердің тараптарыңыздан қолдау керек», – деді Л.Виниятти. Осылайша белгілі ірі мұнай компанияларының арқасында көршілес қос өңірдің бірқатар әлеуметтік мәселелері шешімін табатын болды.Айгүл ОРЫНБАЕВА, Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ