2016 жылғы желтоқсан айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кәсіпкерлердің республикалық І форумы өткен болатын. Онда Ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Келісімді жүзеге асыру бойынша Жол картасына қол қойылды. Жақында агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшылығы мен жеке құрамы және Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы басшылығының қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша облыстық кәсіпкерлер форумы өтті.
Форумды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қ.Бәйгебаев ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда аумақтық департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Нариман Айтжанов мемлекеттік аппараттың бизнеспен өзара қарым-қатынасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту жолында «Атамекен» ҚР ҰКП-мен бірге жүзеге асырылған жұмыстың оң нәтижелігін атап өтіп, өткен кезеңдегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмысының нәтижелерін баяндады.
"Өткен жылы департамент Агенттік пен «Атамекен» ҰКП арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді 2017 жылы іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2 сала, яғни жер қатынастары және өндірістік қауіпсіздік салалары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді, - деді ол. - Өндірістік қауіпсіздік саласы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды анықтау және талдау жүргізілді. Сыртқы талдау жүргізу жөніндегі құрылған жұмыс тобының құрамына Агенттіктің аумақтық департаменті, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, үкіметтік емес ұйым және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің өкілдері енгізілді. Жүргізілген талдау нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеліп соғуы мүмкін құқықты таңдап қолдану фактілері, мемлекеттік қызметшілердің дискрециялық өкілеттіктері және мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі олқылықтар анықталды. Талдау нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұсынымдар беріліп, аталған ұсынымдар республикалық деңгейде мақұлданды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету барысындағы әкімшілік кедергілерді жою, нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызуы мүмкін нормаларды жою және азаматтарға қызмет көрсету кезіндегі ыңғайлы жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде берілген 9 ұсынымның барлығын да Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мақұлдап, тиісті нәтижелерге қол жетті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың бірі – Елбасымыздың өзі тапсырғандай, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және кәсіпкерлердің қызметіне мемлекеттік органдардың негізсіз араласуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылады. Осы бағытта былтыр департамент мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол беруге әкеп соққан деректерді анықтап, олар бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тиісті тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Көп жағдайда мұндай фактілер мемлекеттік сатып алу үрдістері кезінде орын алған. Соларға тоқталып өтсек, 2016 жылғы сәуір айында Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, оған 3 өтінім беруші, яғни ЖК «Онлайн», «Сенімді» ЖШС және «Ұшқын-Ақтау» ЖШС қатысқан. Конкурс нәтижесінде ЖК «Онлайн» жеңімпаз деп танылып, бөліммен сол жылғы мамырда №43 санды жалпы соммасы 52 864 000 теңге құрайтын мемлекеттік сатып алу келісімшарты жасақталған. Шарт міндеттемесін орындау мақсатында жеңімпаз тапсырыс берушінің пайдасына 1 585 920 теңге көлемінде қаражат салған. Осыдан кейін өтінім беруші өзіне алған міндеттерді тиісті түрде орындауына қарамастан, 2 ай мерзім өткеннен кейін ҚР Қаржы министрлігінің қаржы бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің камералдық бақылау барысында анықталған кемшілікті жою жөніндегі 2016 жылғы 31 мамырдағы № 845 және 2016 жылғы 6 маусымда енгізілген №911 хабарламалары негізінде, бөлім басшысының 2017 жылғы 22 шілдедегі №78-К бұйрығымен келісім шарт бұзылған. Аталған хабарламалармен келіспеген бөлім басшысы Комитетке өз шағымын жолдап, соңғымен хабарламаларды орындау қажеттігі түсіндірілген. Негізінде облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің хабарламаларында өтінім беруші «Ұшқын-Ақтау» ЖШС-нің конкурстық тапсырысынан негіссіз бас тартқандығы көрсетілген. Сол кезеңде біржақты бұйрық бұзылғанға дейін, «Онлайн» ЖК 11 миллион теңгеден астам, яғни келісім шарт міндеттемесінде көрсетілген жалпы сомманың 20% көлемінде жұмыстар атқарған. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің хабарламасы және қорытындысымен, сондай-ақ бөлімнің келісімшартты бұзу туралы бұйрығымен келіспеген кәсіпкер «Онлайн» сотқа талап арызбен жүгінген. Ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының 2016 жылғы 20 қыркүйектегі шешіміне сәйкес, «Онлайн» ЖК талабы толықтай қанағаттандырылып, бөлімнің бұйрығы заңсыз деп танылып, бұзылған. Тиісінше тараптар шағым келтірмей, келісулеріне байланысты сот шешімі 2016 жылғы 28 қазанда заңды күшіне енген. Алайда бөлім басшысы сот шешімін орындамай, әдейі заң талабын назарға алмай, басқа заңсыз шешім қабылдаған. Яғни, қаланы абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін «Қала жолдары» ЖШС-мен бір көзден сатып алу тәсілімен шартқа отыру жөнінде 2016 жылғы 19 тамыздағы №40 бұйрығын қабылдаған. Негізінде конкурс нәтижесі бұзылғаннан кейін, қайталап конкурс өткізілу қажет еді. Сонымен бірге, «Онлайн» ЖК-нің сотқа берген талап арызы бойынша бірінші саты сотының түпкілікті шешімінің шығуына қарамастан, бөлім басшысының 2016 жылғы 19 тамыздағы №40 бұйрығы негізінде «Қала жолдары» ЖШС-мен бір көзден сатып алу жөнінде шешім қабылдағаны белгілі болды. Бұл дерек бойынша Әдеп кеңесінің шешімімен бөлім басшысы қызметіне толық сәйкес емес ретінде тәртіптік жауапкершіліке тарту туралы шешім қабылданған болатын. Айта кету керек, Ақтау қалалық ТҮКШ бөлімі тарапынан жүйелі түрде азаматтардың құқықтарының бұзылуы, әкімшілік кедергілер келтіру деректері орын алып отыр. Яғни сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көріністері бар есептейміз. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінен «БрасТрейдОйл» ЖШС-гі директорының кеңесшісі Г.Неталиевтің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі арызы келіп түскен болатын. Арызда «Эскизге (эскиз жобасына) келісім беру» мемлекеттік қызметін көрсету барысындағы Ақтау қалалық архитектура және қала құрылысы бөлімінің лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері көрсетілген. Осыған байланысты департаменттің жоспардан тыс тексеру жүргізуі барысында аталған бөлім тарапынан рұқсат беру уақытының мерзімін бұзғандығы анықталды. Ақтау қалалық архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы С.-ға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 465-бабы 1-бөлімі бойынша (Рұқсат берудің тәртібін және мерзімін бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Сондай-ақ алдағы уақытта, осы тектес құқық бұзушылықтарды болдырмау туралы қала әкімінің атына тиісті ұсыныс жолданды. Мемлекеттік қызметті алушының, яғни кәсіпкердің құқықтары толықтай қалпына келтірілді. Сондай-ақ қазіргі таңда 2018 жылға арналған Жол картасы бекітілді. Оның мақсаты — бизнес-процесстерді жеңілдету, кәсіпкерлерге мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша мерзімдер мен ұсынылатын құжаттарды азайту, сөзбұйдалықтың алдын алу және әкімшілік кедергілерді жою болып табылады. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады".
Сондай-ақ форумда облыстық кәсіпкерлер Палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы А.Байбулатов былтыр Агенттіктің аумақтық департаментімен бірлесіп өткізілген жер қатынастары саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері жайында ақпарат жеткізді.
Форум жұмысына қатысқан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттары, бизнес-қауымдастық, азаматтық қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері, арнайы мониторинг және мобильдік топтарының мүшелері баяндамаларда келтірілген жайттарды белсенді талқылап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосу барысында арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар форумда көтерілген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне орай алдағы кезеңге арналған Жол картасындағы негізгі міндеттер белгіленді. Атап айтқанда:
Расында да, кәсіпкерлердің арасында шаруасын тез бітіру үшін мемлекеттік қызметкердің алдына күнделікті бара бергенше, бір-ақ рет пара беріп құтылуды оңай көретіндері жоқ емес. Алайда, адал да заңды жолмен шешілмеген істің соңы жақсылыққа апармасын күнделікті тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан форумға қатысушылар бизнес өкілдерінің бейресми төлемдер мен парақорлыққа жол ашатындардың қатарында болғаннан гөрі, қылмыстың алдын алып, тиісті органдарға хабарлаған абзал деген ұстанымды бірауыздан қолдайтындарын білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА