Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов 11 наурыз күні Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянның арнайы шақыруымен Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барды.
Облыс әкімі бастаған маңғыстаулық делегация құрамында мұнай және мұнай сервис, көлік логистикасы және жүк тасымалдау, теңіз порты, ІТ технология, машина құрылымдау, туризм, агроөндіріс кешені, ауылшаруашылық салаларының бизнес өкілдері мен атқарушы органдар, «Kazakh invest», «Каспий» ӘКК, Ақтау теңіз порты арнайы экономикалық аймағының өкілдері болды.
Іс сапар барысында аталған бағыттар бойынша нақты инвестициялық ұсыныстар мен жобалар қолдау тапты. Оларды дамытуға байланысты 12 наурызда Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян мен аймақ басшысы бастаған Қазақстан-БАӘ бизнес форумы өтті.
Делегация алдымен Дубай қаласында орналасқан «DP World» және «Emirates Industry for Camel Milk & Products «Camelicious» компанияларында болып, жұмыс барысымен танысты. Порт қызметі және түйе шаруашылығы облысымыз бен Әмірліктерге ортақ тақырып болғандықтан, тәжірибе алмасу – жемісті нәтиже бермек.
Сапар барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және қазақстандық бизнес делегация «DP World» басшылығымен келіссөздер жүргізіп, облыс әкімі нақты ұсыныстар жасады.
-Өткен жылы Құрық портында паромдық кешеннің 1-кезеңі іске қосылды. Жыл ішінде жүк тасымалдау көлемі 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін ұлғаймақ. Маңғыстау порттары арқылы келешекте 2020 жылға қарай контейнерлік тасымалдау көлемі 60 есеге артады. Қазақстан тұңғыш рет Азия елдері мен Қытайдағы Еуропаға тікелей шығатын қатынас жолдарын құрды, - деп атап кетті облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы.
БАӘ инвесторларымен іскерлік кездесулердің нәтижесінде 35 қабатты көпфункционалды кешен, логистикалық және индустриялық парк құрылысы, жаңа Fly Dubai әуе желісінің ашылуы, орта және шағын бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар тарту бойынша «Каспий» ӘКК мен Абу Даби сауда палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға да қол қойылды.
Маңғыстаудың ауыл шаруашылық саласының даму көрсеткіші өткен жылы еліміз бойынша алдыңы орынға шыққан болатын. Келіссөздер аясында бұл саланы да дамытуға Әмірліктер тарапынан қолдау көрсетілетін болды.
«Ақтау теңіз порты» АЭА басқармасының төрағасы Бауыржан Қайратов пен PBP Holdings LTD өкілі Марк Ронг қол қойған келесі құжатта 60 гектар аумағы бар логистикалық және индустриялық парктің құрылысы және 50 млн. АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция тарту туралы жазылған. Бұл жағдай «DP World» компаниясымен байланысты нығайтуға септігін тигізеді.
Маңғыстау кәсіпкерлерінің араб инвесторларымен жүргізілген барлық іскерлік келіссөзі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қаңтар айында БАӘ-ге ресми сапарынан кейін жалғасты.
Бұл жобалардың жүзеге асуы Қазақстанның көліктік қызмет көрсету нарығында Орталық Азиядағы транзиттік мемлекет ретінде бәсекеге қабілетінің артуына, Жібек жолының бойында жүк тасымалының тартымдылығын қамтамасыз етуге, Парсы шығанағы, Кавказ, Түркия және Оңтүстік Еуропаның нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49980,49979,49984,49978,49977,49976,49975,49981"]