©
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілері және инвесторлары бас қосқан жиынға қатысты.
Ресми мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша 2017 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 13,7 млрд.теңге, оның ішінде егін шаруашылығында 2,8 млрд. теңге, мал шаруашылығында 10,9 млрд. теңге болды. Жалпы өнімнің нақты көлем индексі (НКИ) –108,2% оның ішінде егін шаруашылығында 133%, мал шаруашылығында 108,2% құрады. Сонымен қатар жалпы көлемі 20 гектарды құрайтын 27 жылыжай жұмыс істеуде. 2018 жылы алаңы 27 га құрайтын, 31 жылыжайлар кешені жұмыс жасайтын болады. Алдағы уақытта да облыс халқын жергілікті көкөніс және бақша өнімдерімен толық қамту үшін жылыжай кешендерін одан әрі дамыта түспек.
«Ұсақ шаруашылықтарды біріктіре отырып, ірі құрылымдар құруды көздеген Үкімет саясатын жүзеге асыру мақсатында 2016-2017 жылдары өңірде 20 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Бүгінгі таңға 3 кооператив («Бейнеу» (мал сою пункті), «Берген Бек» (мал сою пункті), «Сегізбай Ата» (ет консервілеу) қызметін жолға қойып, жұмыс бастады.
Елбасымыз шағын және орта бизнесті барынша қолдау, соның ішінде несие ресурстарына қолжетімділікті жеңілдету керек екенін баса айтып келеді.Осы бағытта 2017 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 474 млн теңге толықтай игеріліп, нәтижесінде ауылдық елді мекендерде тұратын 130 азаматқа шағын несие беріліп, 219 адам жұмыспен қамтылды. 2018 жылға бұл қаржы 4 есе өсіп, 2,0 млрд. теңгені құрап отыр. 2018-2019 жылдары құс етін өндіру фабрикасы, құс шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймалары, жылыжайлар кешені құрылысы сияқты ірі жобалар іске асырылатын болады», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Статистикалық мәліметке сәйкес 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда: ірі қара – 17 000 бас болып, 12,9% -ға өсті; қой – 279 000 бас болып, 1,3%-ға өсті; ешкі – 87 000 бас болып, 9,7%-ға өсті; жылқы – 66 000 бас болып, 4%-ға өсті; түйе – 55 000 бас болып, 2,9%-ға өсті; құс – 37 000 бас болып, 25,8% өсті.
Өңірде барлығы 138 000 бас ірі қара мал, 366 000 бас ұсақ мал – барлығы 504 000 бас мал болды.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде ауылдық елді мекендерде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында берілетін кредит бойынша 2017 жылы республикалық бюджеттен 474 000,0 мың теңге қаралып, түгелдей игерілді (ауылдық елді мекендерде тұратын 130 азаматқа шағын несие беріліп, 219 адам жұмыспен қамтылды). Ал 2018 жылы 490 251,0 мың теңге бөлінді. (150 адамға кредит беріліп, 250 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.) Қосымша 1,5 млрд. теңге қаржы сұралуда», - деді Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Қалдығұл.
2018 жылға 6 жоба жоспарлануда:
1. Мұнайлы ауданында жылына 1000 тонна өнім беретін жаңа инновациялық технологиямен жабдықталған 3 га жылыжай құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта қосымша кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2018 бастап іске қосылды. 42 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
2. 50 тонна қияр шығаратын Қарақия ауданындағы «Сенек» ЖШС базасындағы 0,3 га жылыжай кешені құрылысы. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды. 10 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
3. Жылына 143 млн дана жұмыртқа өндіретін фабрика құрылыс жоспарлануда. 50 жұмыс орны ашылады.
4. Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылындағы 3 га жылыжай кешенін кеңейту құрылысы жұмыстары аяқталуда. 15 жұмыс орны ашылады.
5. Ақтау қаласында 2 га жылыжай кешені құрылысы. 15 жұмыс орны ашылады.
6. Түпқараған ауданы құс еті зауыты. 115 жұмыс орны ашылады.
2018 жылға жоспарланған жобалардың инвестициялық құны шамамен 8, 808 млрд теңге құрайды. Барлығы 237 жұмыс орны ашылады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі