ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Н.Назарбаев жаңа әлеуметтік бастамаларды жариялады. Ұлт көшбасшысы қоғамның әлеуметтік бірлігін одан әрі нығайтуға нақты шешім қабылдайтын және оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асыратын уақыт жеткенін айтты.
Жиында Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың бәрі де әлеуметтің әлеуетін әлдендіру, тұрмысын түзетуге бағытталған. Мәселен экономикада шағын және орта бизнестің үлесін арттыру тақырыбы біздің облысымыздың даму векторында күн тәртібінен түспей келеді. Соңғы жылдары өңірімізде шағын және орта бизнеске бет бұрып, өзінің сүйікті ісімен айналысып, кәсібінің нәсібін көрсем деген тұрғындардың саны артты.
Сәйкесінше мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік, дамыту қорларының көмегі, қаржы институттарының игілігі кәсіпкерлікке кең жол ашып, бизнестің буынын бекіте түсті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Спорт жанашыр азаматтардың қолдауымен дамидыЭкономикасы қара алтынға тәуелді Маңғыстау облысы халқының кәсіпкерлік саласына икемделуі дамудың жаңа тынысын ашқандай. Себебі облысымызда шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған «Нұр капитал» бірегей жобасы қолға алынды. Бұл іске облыстық әкімдік өңірге өң берген өндірістік компаниялармен қатар қаржыландырушы ұйымдарды тартып, жаңа жобалардың жүзеге асуына ықпал етті. Елбасы Н.Назарбаев: «Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауылаймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді» деген болатын. Біздің облысымызда да ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отыр. Ендеше Елбасымыздың бастамасын уақытында іліп әкетуге маңғыстаулықтар да даяр дегім келеді.
Берік НҰРҒАЛИЕВ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры