©
«Өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың 7 қадамы» кешенді бағдарламасы аясында «AI-Farabi Educatioh Business Academy «Кәсіпкер боламын» жобасы бойынша облыстағы 50 мұғалімді бизнес-бапкер ретінде дайындау тренингін өткізді.
Былтырдан бері бірінші сынып жаңартылған білім мазмұнына көшсе, биыл екінші, бесінші сыныптар жаңа бағдарламамен оқытылып жатыр. Бүкіл білім жүйесінің жаңартылған білім мазмұнына көшуі – уақыт талабы. Қазіргі ақпараттың, технологияның дамыған заманында бұл – дұрыс қадам.
- Жаңартылған білім мазмұны талаптарына орай ұстаздарға да жоғары жауапкершілік, үлкен міндет жүктеледі. Ұрпаққа заман талабына сай, жаңаша білім беру, санасын өзгерту үшін мұғалімдердің өзі өзгеруі, жаңалыққа дайын болуға тиіс. Оныншы сыныптан бастап «Қаржылық сауат және кәсіпкерлік негіздері» деген курс жүреді. Біздің облыс кәсіпкерлік негіздерін оқытуды былтыр бастап кетті. Адам өмір бойы оқиды, үйренеді. Білім - өздеріңе салған инвестиция. Облыс әкімдігінен бастап қолдау көрсетіп тұрғанда оқып, меңгеріңдер, үйренгендеріңді кәдеге асырыңдар, - деді іс-шараны кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева.
Маңғыстау облысында 2017 жылдың желтоқсан айында алғаш рет ұстаздар мен оқушыларға бағытталған «Кәсіпкер боламын» пилоттық жобасы өткізіліп, жоба аясында 35 мұғалім 40 сағаттық курстан өткен. Қазіргі таңда мектеп оқушыларына кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту сабақтары жүргізілуде.
Алматыдан арнайы келген тренер Берік Бижан - 23 жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан, тоқсаныншы жылдары бизнес бойынша Германияда оқыған, экономист, психолог деген екі мамандықты меңгерген тәжірибелі маман. Өзіміз көргендей, сабақты «Кәсіпкер боламын» іскерлік ойыны түрінде қызықты өткізді. Екі күн бойы дәріске қатысушылар түрлі сұрақтарға жауап беріп, «Дәптерді қалай пайдаланамыз?» деген сауалға жауап беріп, құндылықтарды тануға, байқампаздық пен тапқырлыққа арналған тапсырмаларды орындап, кәсіпкерлікке қатысты ұлы тұлғалардың қанатты сөздерінен мысалдар келтіріп, мақал-мәтелдерді қаншалықты білетіндіктерін көрсетіп, «кәсіпкерден сұхбат» алып дегендей өздерінің елгезектігін, мүмкіндік-қарымын жан-жақты көрсете білді.
- Жобаның басты мақсаты - әлеуетті кәсіпкерлікті жасөспірімдер, мұғалімдер мен ата-аналар арасында дамыту. Әлеуетті кәсіпкерлер, бұл - «Ғаламдық кәсіпкерлік мониторингі (GEM)» зерттеуіне сүйенсек, өз ісін әлі ашпаған, бірақ өздерінің кәсіпкерлік қабілеті мен конъектурасын оң бағалайтын адамдар. Олардың көпшілігі кейін кәсіпкер болуы мүмкін. Сондықтан әлеуетті кәсіпкерлікті дамыту-болашаққа жасалған стратегиялық қадам. Мектеп, отбасы және кәсіпкерлермен бірлесе отырып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың жаңа форматын қолдануға бағыт ұстап отырмыз, - деп Берік Амангелдіұлы оқытудың мақсат-міндеті тұрғысында әңгіме етті.
Курстан өткен мұғалімдер пилоттық жоба ретінде тек ғана жоғары сынып оқушыларын ғана емес, сонымен қатар әріптестері мен оқушылардың ата-аналарын да оқытады. Оқу аяқталғаннан кейін белсенділіктерін арттыру және алған білімдерін тексеру мақсатында тестілеу жүргізіледі. Сонымен қатар, оқу аяқталғаннан кейін оқушылар, отбасылық командалар және мұғалімдер үшін арнайы бизнес-лагерь өткізу қарастырылған.
Болат ҮМБЕТОВ