Қыркүйектің 25-29-ы аралығында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарасты Ақтау және Шымкент қалаларындағы өндіріс орындарында еншілес компаниялардағы жұмысшы мамандықтар арасында «Үздік маман – 2017» кәсіби шеберлік байқауының ақтық кезеңін өткізген-ді. Жас мамандардың теориялық және тәжірибелік білімін сараптайтын сайыс акционерлік қоғамның еншілес кәсіпорындары «ПетроКазахстанОйлПродактс» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазтрансойл АҚ» өндірістік базасының аумағында ұйымдастырылды. Елімізде экономика секторының ірі салаларын қамтитын алпауыт кәсіпорынның үлкен өндіріс мектебінен өтіп, мұнай өнеркәсібінің қыр-сырын меңгерген мамандардың сайысы өз мәресіне жетіп, салтанатты қорытындылау жиыны өтті. Жұмысшылардың білімі мен білігін сараптайтын республикалық сайыстың алғашқы кезеңінде мұнай мен газ кешеніндегі 30 мамандық түрі бойынша еншілес кәсіпорындардан 3 мыңға жуық жұмысшы бақ сынады. Байқаудың екінші кезеңіне жолдама алған 126 маман мұнай және газ өндіру, ұңғымаларды зерттеу, қабат қысымын қолдау жөніндегі операторы, сондай-ақ мұнай кәсібі жабдығын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі темір ұстасы, металл жонушы, химиялық талдау зертханашысы, электр газбен дәнекерлеуші, ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадасы, 320 цеменеттеу агрегатының машинист- моторисі, автокөлік жүргізушісі сынды негізгі және жанама кәсіптің 17 түрінен сынға түсті. Мамандар теориялық және тәжірибелік тапсырмаларды орындау барысында өндіріс нысандарында жұмыс алаңдары, бөлмелер, құрал- жабдықтар мен техникалар дайындалды. Кәсіби сайыстың өту барысын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арнайы веб- сайтынан көруге және әр аймақтағы корпоративтік порталдың қолданушыларына онлайн режимде тамашалауға мүмкіндік жасалды. Салтанатты жиында «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ адами ресурстарды басқару жөніндегі вице-президенті Серік Әбденов мыңнан тұлпар, жүзден шүйрік шығып, мұнайшы деген мәртебелі мамандықтың биігінен көріне білген жұмысшыларды құттықтады. Сайыста топ жарып шыққан 1- орын иеленген жеңімпаздар арнайы медальмен, дипломмен, 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Марапат сәтінде 2, 3- орындарды иеленген жүлдегерлерге де арнайы диплом мен гүл шоқтары, 70,50 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сертификат табысталды. – Мен 13 жылдан бері «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында жұмыс жасаймын. Жұмысқа алғашында күзетші болып тұрдым. 5 жылдан кейін темір жөндеуші мамандығына ауыстым. Байқауда техникалық құрал-жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу бағыты бойынша сайысқа түстім. Маған еліміздің әр өңіріндегі өндіріс орындарынан келген 10 маман бақталас болды. Сайыс қызықты әрі қиын болды. Барлығы да өз ісінің шеберлері. Тапсырманы орындау кезінде жылдамдыққа, жұмыстың сапалы орындалуына, қауіпсіздікке баса назар аударылды. Жүлдегерлерді қуаныштарымен құттықтаймын!, – деді «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы №1 мұнай және газ өндіру цехының темір жөндеушісі Абдол Бижанов. Салтанатты жиын мұнайшы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38042,38040,38044,38041,38043"]