©
Облыс халқын электр энергиясымен, сумен, жылумен қамтамасыз ететін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында кәсіпорын басшылығы алдағы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады. – Біз 2016-2017 жылғы жылыту маусымы аяқталған уақытта қысқа дайындықты бастап кеттік. Осы жылы 3 қазандық агрегатын, 3 тұрба агрегатын, 6 су тазарту және жылыту қондырғысын жөндеуден өткізуді жоспарладық. Қазіргі таңда 2 қазандық, 2 тұрба агрегатымен қатар барлық су тазарту және жылыту құрылғылары жөндеуден өтті. №6 қазандық агрегатын қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ 900 метр жылу магистраліне, су құбырының 617 метріне жөндеу жүргізілді. Жылыту маусымына дайындық паспортын бекітуге еліміздің Энергетика министрлігіне 25 қыркүйекте жібердік. Кәсіпорын жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Жылуды қосуға қала әкімдігінің шешімін күтіп отырмыз, – деді «МАЭК -Қазатомөнеркәсіп»ЖШС бас директоры Қайрат Әбдірәсілов. Жиында бірнеше сұрақ қойған тілшілер ыстық судың кранын ашқанда біраз уақытқа дейін салқын судың ағатынын айтып, осының себебін сұрады. Кәсіпорынның бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Игорь Чернецкий қаланың бас сызбасы бойынша жылу мен ыстық су берілетін құбыр магистралі бір екендігін, ыстық су тұрғындарға жеткенше қалаішілік желілерде суып қалатынын жеткізді. Бұл мәселені шешу қиын екендігін, тұрғындар үйлеріне су жылытқыш қондырғы орнатып алып жатқанын айтып өтті. Тілшілер тарапынан техникалық судың сапасы туралы да мәселе көтерілді. – Техникалық судың сапасы бізден жіберілгенде белгіленген стандартқа сай болады. Жөндеуден кейін аз уақытқа қоңыр болып ағады да кейін мөлдір қалпына келеді. Бұрын техникалық суды қолданып келген Ақтау қаласы халқының 50 пайызы бұл судан бас тартып, ауыз су желісіне қосылды. Бұл су түрін өндірумен бізден өзге де компаниялар айналысып жатқандықтан тапшылық байқалмайды. Жаз мезгілінде қала халқы тәулігіне 46-48 мың текше метр ауыз су, 8 мың текше метр техникалық су тұтынды. Салыстырсақ, осыдан 4 жыл бұрын техникалық суды тұтыну көлемі 16-18 мың текше метр болатын, – деді компанияның бас инженері. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС экономика департаментінің директоры Қайырғали Бекқалидың айтуынша, қарапайым халық үшін ыстық суға және жылуға белгіленген тариф бағасы биыл көтерілмейді. Заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін жылу құны 0,68 пайызға өседі. Аталған серіктестіктің маркетинг және өткізу департаментінің директоры Виктор Пересада мемлекеттік бағдарлама бойынша облыстағы тұрғын үйлерге 497 дана жылу есептегіш құрылғыларды орнату жоспары толықтай жүзеге асқанын жеткізді. Көпшілігі жалданатын үйлерге қойылған. Қаладағы 1- ден бастап 6 шағынауданға дейін 330 дана жаңа осындай құрылғыны орнату жұмысына «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі кірісіп кеткен. Облыс орталығында жылу есептегіш құрылғылары жоқ үйлердің тұрғындары гигокалориясына 3624,07 теңге, орнатылғандар 2125,49 теңге төлейді.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ