©
Шөлді аймақта мекендейтін жан-жануарларды қорғау, зерттеу және жыл сайын мониторинг жүргізіліп бақылап отыру - Үстірт қорығындағы ғылыми қызметкерлердің басты міндеті. Бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалып, жоспарлы түрде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми жұмыстар жыл бойы жүргізілуі керек, сондықтан күнделікті жаңалықтарды тіркеп, бақылап отыру ғылыми қызметкерлердің тікелей міндеті. Үстірт қорығының тарихында ғылыми-зерттеу, мониторинг жұмыстарының шырқау шегі 2004-2010 жылдармен байланысты. Бұрынғы деректерге зер салсақ, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде құстар дүниесінің тізіміне көптеген өзгерістер енді. Мысалы, 1990 жылдары құстардың 111 түрі болса, қазіргі кезде 166 түрі анықталып, тізімге алынды. Олардың 19 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген: кішкене аққұтан, қарабай, жалбағай, қоқиқаз, жыланжегіш қыран, қарақұс, бүркіт, аққұйрықты субүркіт, дала қыраны, тазқара, ақбас құмай, жұртшы, сақалтай, лашын, сұр тырна, жекдуадақ, қылаң қарабас шағала, қарабауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, үкі. Қорық аумағында құстардың таралуы мен ұялауы әртүрлі биотоптарға байланысты. Дуадақ - шөл мекендеушісі, сазды-тасты жазықтықта адырлы жыраларда мекендейді. Айта кетейік, дуадақ шығу тегі жөнінен тырналарға жақын болғандықтан, тырна тектестер қатарына кіреді. Орнитолог ғалымдар дуадақтарды өз алдына жеке отряд деп қарастырады. Оның сыртқы дене тұлғасы мығым әрі тауықтарға ұқсас, үш саусағы құрлықта жүруге және жүгіруге бейімделген. Дуадақтар өсімдіктердің тұқымдарымен, жәндіктермен, тіпті ұсақ омыртқалы жануарлармен де қоректенеді. Ертеде көп тараған түр және заңсыз аң аулаудың объектісі, бірақ XX-ғасырдың ортасынан бастап тың жерлерді жаппай игеруге, сондай-ақ қаскерлікке байланысты саны күрт азайып кеткен түр. Дуадақтар еліміздегі Науырзым, Қорғалжын және Үстірт мемлекеттік табиғи қорықтарында қорғауға алынған. Дуадақ - шөл және шөлейт аймақтарда кездесетін ең әдемі, көрікті және саны азайып бара жатқан құстардың бірі болғандықтан бұл құсты қорғауға күшімізді бірге жұмылдырайық, ағайын!Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ж.Нұрмұхамбетов
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН