©
Журналистикаға қызығатын жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың қатысушысы —
Айнұр Бабасқызы
Жасы 16-да. Маңғыстау ауданы, Онды орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Айнұр журналистикаға 5-сыныптан бастап қызыққан. "Балдырған", "Айгөлек"журналдарын сүйіп оқып, сол журналдардағы өзі сияқты достарының жазған əртүрлі тақырыптағы шығармаларын, мақалаларын оқып, өзі де солар секілді мақалалар, шағын əңгімелер жазудан бастаған.
"Менің осындай мақалалар, шағын əңгімелер жазуыма қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі Күнімкүл Саржанова апайым түрткі болды. Қазір де бос уақытымда қашықтық олимпиалдаларына шығармалар мен аудан, облыс газеттеріне өзімнің ауыл, сыныбым, ұстаздарым мен мектебім туралы қызықты мақалалар жазуды əдетке айналдырдым. Тіпті ауылда өткен шаралар туралы мақалалар жазудан жалыққан емеспін. Менің журналистикаға деген қызығушылығым осылай басталды. Алда талай-талай шағын, одан да мені қызықтыратын тақырыптарға мақалар жазсам деймін", - дейді Айнұр.
Байқау ережесін мына сілтемеден оқи аласыз. Туған өлкем ОндыЖақсылықты сағынбасаң егер де,
Жаңа күндер бақыт алып келер ме?.
Мен артамын, мол үміттер артамын,
Уақыт дейтін жалықпайтын шеберге.
Сол Уақытпен өмір бойы жарысам,
Сол Уақытқа өмір бойы болысам,
Туған елдің бақытының сарайын,
Сол Уақытпен мәңгі бірге салысам! - деп ақын ағамыз жырлағандай, менің де құрметтейтін, мақтанышпен айта алатын, кіндік қаным тамған жерім бар. Туған жерімнің дамуына қуанып, шаттанып жүрген ауылымның бір перзентімін. Қаратаудың күнгей бетінде орналасқан Онды ауылы және бүкіл ел тілегін тілеген аналарымыздың құрметіне арнайы ашылған «Ай-Ана» ескерткіші мен аспанмен таласа бой көтерген аққайыңдар, жасыл желекке оранған ағаштар, мұнарадай бой түзеген Қаратауым мен мұндалап, бірден көзге көрінеді. «Дүниеде әрбір бөлек жердің аты, себеппен қойған бәрі елдің аты» демекші, кез келген елдің өзіндік тарихы, қоршаған ортаға қатысты ұғымы бар. Ұлы дала төсіндегі ата қоныс, туған жер үшін болған қақтығыстар, қан-төгістер, қазақ елінің басынан өткен тарихты қозғайды. Бүгінгі таңда жер-су аттарын қастерлеу - олардың алғашқы мағынасы мен аталуының, сақталуының маңызы өте зор. Әрбір халықтың болмысы, оның жер бетіндегі өмір-тіршілігі сөзбен таңбаланады. Халық тіліндегі осындай дәйекті атаулардың күрделі бір саласы - топонимдер. Осыған орай саяхатымды Онды деп аталуынан бастасам, көнекөз қариялар мен туған өлкесінің тауы мен тасын, онда тұрған адамдарын өз шығармаларына арқау еткен жазушы Ә.Кекілбайұлының келтірген деректеріне сүйенсек, «Онды» атауы «Оңды» деген сөзден шыққан, яғни, су көзіне байланысты атау болған деседі. 1942 жылы Қалмақтардың бір тайпасының басшысы Даян Омбы мен оның туысы Дундук Омбының есімдерімен байланыстырады. Ауыл маңында «Қалматай», «Қызыл там», «Ноғайтөбе», «Қырғын», «Шоң», «Ақүйік», «Ағашты», «Қарауыл Күмбет», «Олжаның қызы», «Құрманәлі» әулие т.б тарихи ескерткіштер мен қорымдарға толы. Өлкетанушылардың деректерінде Маңғыстауға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткендігі туралы көп деректер айтылады, ауыл маңындағы тарихи қорымдар трікмендердің, қалмақтардың, ноғайлардың есімдерімен байланысты қойылған. Әрқайсысына жеке-жеке үңілсек, аңыз бен шежіреге толы тарихқа тап боласың, тарихи қорымдар туралы аңыздар құлағыңның құрышын қандырады. Қазақстанның қай түпкірінде жүрсем де туған өлкемнің тарихын, өзгелерге насихаттаудан, тарихи ескерткіштер туралы аңыздар мен болған оқиғаларды баяндаудан еш жалыққан емеспін, мен туған өлкеммен біргемін. «Маңғыстау тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түсінуің мүмкін емес. Қайда қарасаң да, жанарыңды арбап, жаныңды баурап алып бара жатқан бір тылсым құдірет. Көргеніңнің бәрі таңғалып, көзіңді көндіреді. Таңғалғаныңның бәрі тамсанып, көзіңді сендіреді. Оны көргенде жалғыз Жаратушының шеберханасына кіріп кеткендей өз көзіңе өзің ие бола алмай қаласың. Оған келгенде Әлімсақтың әңгімесін тыңдағандай өз көңіліңе өзің ие бола алмай қаласың» деген жазушының берген бағасы Ондының табиғатына байланысты айтылған ба деп қаласың... Тарихын тасқа қашап жазған ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты да осы тарихи ескерткіштері. Шындығында да, тарихи ескерткіштер мен қорымдарға үңілген сайын таңғажайып бір тылсым күштің бар екенін,ашылмаған құпия сырлары барын сезінесің. Туған өлкемнің табиғатын тамсана жырға қосқан ақын Ф. Оңғарсынова «Онды» атты өлеңінде:
Шілде де ызғар болады-ау,
Малтыққандаймын қарға мен.
Тұманды торлап сол шылау,
Шақырғандай ма сол әлем, - деп жырлағандай, ауылдың ерекше табиғатының ерекше құбылыстарын, таудан сарқырап аққан бұлағын, бау-бақшасын, көгала жасыл құрағы жайқалған Ондының қысының ызғарлылығын, жазының салқындығын тамаша суреттеген. Табиғат ананың біздің ауылға берген тағы бір сыйы - үлкен-үлкен түрлі пішіндегі шар тастар мен қайрақ тастар. Ағашты бұлағының алдындағы "Кайрақ жал" үстінде тұрған "Қайрақ тас" жөнінде түрлі аңыз-әңгімелер көп. Кай ғасырда орнатылғаны белгісіз? Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша Адайлар Маңғыстауға келгенде осы тас болыпты. Біресе, осы жерде "үлкен бір оқиға болған" бұл соған байланысты койылған белгі десе, енді бірі: Ерсарының қайрағының жартысы екен" дейдi. Үшiншi бір аңыз "Қайрақ тастың қасында қазына тығылған" деген түрлі болжамдарды келтіреді.Түнгі мезгілде алыстан жарқыраған шамдары өзіңді құдды бір алып шаһарға, ертегілер еліне алып келе жатқандай көрінеді. Ауылымның батысында орналасқан Онды мен шығысында орналасқан Ағашты демалыс орындары жаз мезгілдерінде саяхатшыларға таптырмайтын демалыс орындарына айналды. Жыл сайын демалушылар суға түсіп, тамаша табиғатқа серуендеп, Қаратаудың басына шығып, Онды ауылының көрінісін тамашалауға мүмкіндік алады. Ұлағатты ұстаздарым берген білімімді жетілдіріп, армандаған мамандығымды ойдағыдай аяқтап, жер жаннатына айналған Онды мен Ағаштыны туристер келетін орынға айналдырсам деген арманым бар. Сол арман-мақсатыма жету жолында бар күш жігерімді саламын.
Айналасы шежіреге толы, сыры мен сымбаты жарасқан табиғатты көргенде, ашық аспан астындағы мұражай ма деп қаласың... Жанға жайлы табиғаты, таза ауасы, естен кетпес жылуы жаныңды жадырататын жаз мезгілдерінде көршілес ауылдардан,қалалардан жыл сайын ағылып саяхатшылар келіп жатады. Ал Құрманәлі әулиенің адам баласына тигізген шипасы, ондағы бала оқытатын үйдің орны жайында естіген аңыздарымыз өте көп. Кішкентай ауылымның тарихы, шертері мен айтары шексіз екеніне ғылыми жұмыс қорғау мақсатындағы ізденуімнің септігі тиді. Сол сәттен бастап туған жерімді зерттеуге деген, білуге деген қызығушылығым арта бастады. Абыз ауылында дүниеге келіп, алаңсыз балалықтың бақытын сезініп өскеніме қуанамын, тағдырма риза боламын. Қолыма қалам алып, туған өлкемнің таңының қалай атқанын, күнінің қалай батқанын бар ықыласыммен жаза бергім келеді. Әбіш Кекілбайұлының мерейтойы қарсаңында Онды мәдениет үйі қайта жөндеуден өтіп, бүгінде халықтың рухани азық алатын орнына айналып, нәтижелі бірлескен жұмыстың барысында «Онды халық театры» атағын алды. Театр халықтың өмір-тұрмысымен, жалпы тарихымен және мәдениетімен тығыз байланысты болғандықтан аса қажет дүние. Маған өмір сыйлаған жерге әрқашан басымды иемін және қарыздармын. Биылғы оқу жылында жазушы Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау бағытында өткізілген республикалық байқауға келген қонақтар Абыз ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, мектеп жанынан ашылған музейді аралап, рухани азық алып қайтты. Музейдегі кезінде Онды ауылының өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына сүбелі қосқан ардагер ұстаздар, Ұлы Отан соғысына қатысып, жерін қорғаған батырларымыздың, тылда еңбек еткен аналарымыздың, облыс, республикалық сайыстардың жүлдегерлері, яғни елін танытып жүрген талант иелері, жаста болса бас болып, халыққа қызмет етіп жүрген басшылар туралы толықтай жинақталған деректер мен көне жәдігерлерлермен танысты. Еуропалық үлгіде салынған білім ордасында білім алып жатқаныма, сәні мен салтанаты, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылда дүниеге келу бақыты маған бұйырған секілді. Бақытты да балғын балалық шағымды өткізген туған жеріммен мақтанамын, марқаямын. Елбасының сарабдал саясаты мен жыл сайын Қазақстан халқына жолдаған жолдауындағы басым бағыттардың нәтижесінде ауылым күннен-күнге Астана тәрізді көркеюде. Күн санап жаңа түрлі бағыттағы құрылыс кешендері мен бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары т.б ел игілігіне қажетті нысандар көптеп бой көтеруде. Сонымен бірге ауыл ақсақалдары мен ауыл тұрғындарының қолдауымен мешіт салу, ауылды көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Туған өлкем өзінің бауырынан түлеп ұшқан талантты да, дарынды ұл-қыздарының бүгінгі мен ертеңгі тірлігіне, өмірдегі жеткен жеңістері мен жетістіктерінен үнемі хабардар болғысы келеді. Өзімнің түрлі додаларда жеткен жеңістерімді туған өлкеме, Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына тартқан үлесім деп білемін. «Отансыз адам-қай жерде жүрсе де бишара адам. Өзінің еліне, отанына, жеріне, ата-бабаның төккен қаны мен теріне адал болу керек. Қайда жүрсе де, не істесе де қазағын, елін ойлап, осыны көркейтем, кіндік қаным тамған елім аман болып, оның дәрежесі жоғары болса, қай мемлекетке барсам да,мені сыйлайды деген түсініктеме болу керек» деген Елбасының ұлағатты сөзін ешқашан ұмытқан емеспін, жеткен жеңістерімді, туған өлкеме, Маңғыстау ауданының 90 жылдығына арнаймын. Сондықтан да туған өлкем туралы көкейіме құйылған, кеудемді кернеген қуанышымды, ауылымның әрбір жаңалығын, ауылымның тарихын Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі оқырмандармен бөлісіп отыру-перзенттік парызым деп есептеймін.