Кеше аудандық емхана ғимаратында Таушық ауылдық емханасына сыйға тартылған жол таңдамайтын әрі емхана қызметіне лайықталған көлікті табыстау рәсімі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауданның денсаулық сақтау саласы кәсіпкер Айдос Ақжановтың демеушілігі арқасында тағы бір су жаңа көлікпен толықты. Көлік кілтін табыстау салтанатында аудан әкімі Айбек Қосуақов кәсіпкерге алғысын айтты.
- Біздің емханаға қарасты ауылдың тұрғылықты тұрғындарын айтпағанда, 45 мал ауылымыз бар. Мал ауылдың бір шеті «Қаламқас» кен орнының ар жағында, 30 км қашықтықта. Осы ауылдарды аралауға шыққанда 1 аптаға жуық уақытымызды арнаймыз. Көбіне сазды, тас жолсыз жерлермен жүретіндіктен көлігіміз бұзылады. Шетелдік маркалы көліктер кедір-бұдырлы жолдарға төзбейді. Сондықтан «Уаз» көлігін алып беруін жөн көрдік. Халықтың игілігіне пайдаланатын боламыз. Бізді тағы қуантып тұрғаны – жыл сайын аудан орталығына ауыл тұрғындарын скринингтен өткізуге әкелетінбіз. Бұл көлікте науқастарға жасалған жағдайдан бөлек, адамдар тасуға арналған отырғыштары бар екен. Кем дегенде 10 адамды бір мезетте жеткізе аламыз, - деген Таушық ауылдық емхана дәрігері Ғабит Шәудірбаев өз сөзінде ауылдық емхана қызметкерлері атынан алғысын жеткізді.
Айта кету керек, Таушық ауылдық емханада 3 жоғары білімді дәрігер, 9 мейірбике, 2 кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.