Шешем Бекқұлова Асылдың айтуынша атам Нұрмағамбетке әжем Аққағаз 16 жасында тұрмысқа шығыпты. Нұрмағамбет жеті тілді жетік білген, аса сауатты кісі болған. Бұрынғы Сарытау, қазіргі Саратов қаласына барып-келіп жүріп, екі ортада тілмаш болған атамыз әр сапардан келген сайын алтын, күміс бұйымдар мен әртүрлі қымбат маталарды әкеліп тұрған деседі. Өздері де ауқатты тұратын әулет осылайша алтын, күмістің айтарлықтай қорын жинағанға ұқсайды.
Айттық, қазіргі Саратов қаласына барып-келіп жүріп, екі ортада тілмаш болған атамыз ылғи да орыстардың үйіне қонбай, сондағы бір қазақтың үйіне түнейді екен. Атамыздың өзі құр кісі болмағанға ұқсайды. Олай дейтінім, соңғы сапа- рына өз үйінен аттанар алдында есігінің маңдайшасынан жылан көріпті. Дереу сол сәтте қасындағы кемпіріне «Ау, осы соңғы сапарым болар. Мен енді тірі қайтпайтын шығармын» деп, үйден шығып кете беріпті. Айтқандай-ақ, Түркіменстанға жетер жолда ауырып, денесі тұтастай сарғайып кетіпті. Өлер алдында осы жерде демінің үзілерін, алайда артындағы ел- жұрты өзін жат жерде қалдырып кетпесін, іздеп келіп, денесін туған жерге жерлейтінін болжап айтып кетіпті.
Ол кездегі көлік – арба. Арада нешеме айлар өткенін білмеймін, бір күндері елі артынан барып, атамыздың қабірін ашып қарағанда жүрек тұсынан ұйыған қанды көрген. Шешеміз елге әкеліп жерлеп, 26 жылқыны байлап, сүтіне кірпіш илеп, одан шошақ, күмбезді мола тұрғызыпты.
Өз шешем нағыз зобалаң тұсында дүниеге келді. Анасы Аққағаз қуғын-сүргінге ұшырап, жоғарыда айтқан байлықтың бәрі талан-таражға түскен. Алтын-күмісті тыққан жерлерін ақыр соңында естен де шығарады. Бірақ қызына «Егер бір жарлының етегінен ұстасаң, бұл сүргіннен аман қаласың» деп, өзі 5 жастағы қызын ертіп барып, Бекқұл деген балықшыға тұрмысқа шығады. Бекқұлдың Шадау атты 7 жастағы ұлы бар екен. Біз күні бүгінге дейін нағашымыз Дәулеталы, нағашымыз Шадау деп келдік.
Бұл әңгімені айтудағы басты мақсатым – тарихта қуғын-сүргін, зобалаң жылдары болып қалған ақтаңдақ уақыт талай-талай тағдырдың тас-талқанын шығарды, талай отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Осындай тәлкекті тағдыр менің әжем Аққағаздың да басынан өткен екен дегенді айтқым келді. Осындай апалаң-топалаңға толы тарихты ешуақытта естен шығаруға болмайды. Қанмен жазылған, аштықпен келген, көз жасымен суарылған тарихымыз жас ұрпаққа аманат! Ол сіздердің көздеріңіздің қарашығы болуға тиіс!
Айгүл БАЛАБАЕВА