Қарақия ауданында салынып жатқан «Құрық - Жетібай» республикалық маңызы бар автомобиль жолына қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алайда, Жетібай елді мекенінің тұрғындары аталған тас жолдың елді мекен үйлеріне тым жақын орналасуына байланысты наразылығын білдіріп, аталған мәселе бойынша осы уақытқа дейін бірқатар жиын өткізілген болатын.
Бүгін осы мәселеге байланысты үлкен жүк көліктеріне арнайы ауыл сыртынан айналма жол салу бойынша Мұнайшы ауылында қоғамдық тыңдау өтті. Қоғамдық тыңдауға аудан әкімі Сымбат Төретаев, МО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Берік Ізғалиев, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаты, жобалаушы мекеме басшылығы мен ауыл тұрғындары қатысты.
Бас жобалаушы «ИнженерПроектСтрой» ЖШС-ның басшылығы жобаны таныстырып, 2 нұсқа ұсынды. Алғашқы нұсқа шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған 2.2 шақырымды құраса, ал екінші нұсқа 4.4 шақырымды құрайтын айналма жол. Пікірталас нәтижесінде тұрғындардың қалауымен 4.4 шақырым жолға жоба жасақталады деп шешім қабылданды.
Айта кетейік, айналма жол құрылысының жұмыс жобасына сәйкес жолдың ұзындығы бойынша жарықтандыру қондырғылары, барьерлік тосқауыл қоршаулар, үй жануарларына арналған жасанды өткел және су өткізу құбырлары орнатылады.
Сонымен қатар, жиын барысында ауыл әкімі Болат Бекмурзаев 2023 жылы ауылды абаттандыру, көгалдандыру бағытында атқарған жұмыстары мен 2024 жылғы міндеттері туралы ақпарат берді.
Кездесуде тұрғындар ауылды абаттандыру, ауылішілік автомобиль жолдарын салу, ескі ғимараттарды жөндеу және тағы да басқа мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ, аудан басшысы Сымбат Төретаев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.