Құрық ауылындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған №4 және 6 жатақханалар жөндеуден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ұйымдастырылған конкурс нәтижесінде «Темір-Барс Астана» ЖШС жеңімпаз деп танылды.
Қазіргі таңда мердігер мекеме №6 жатақханадағы толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізіп аяқтады. Ал №4 жатақхананың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
- Жатақхана біраз жаңарып қалды. Іші жылы, жылыту радиаторлары жаңадан салынды, барлық жағдай жасалған. Балалар ойнайтын бөлме де бар. Ең бастысы уақытша қоныстануға ыңғайлы. Тұрмыстық тіршілікті жақсартып жатқан басшыларға рахметімізді айтамыз, - деді жатақхана тұрғыны.
Айта кетейік, жөндеу жұмыстары негізінде ас бөлме мен жуыну бөлмелері толықтай жаңартылды. Сондай-ақ, бөлмелер сыланып, еден жабындысы ауыстырылып, қосымша жарық шамдары қосылып, ауыз су желісі мен кәріз жүйесі қалпына келтірілген.