Бүгін Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев аудандық орталық ауруханасының перзентханасына және Ақтау қаласындағы балалар үйіне барып, балаларды мерекемен құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Өмірге келген батырымыздың бауы берік болсын! Үлкен ел сыйлайтын, білімді, зейінді азамат болғай. Еліміздің демографиялық дамуына зор үлес қосып жатқан ата-аналарға алғыс білдіремін! Қай халықтың болмасын елдігін, салт-дәстүрін, атамекенін сақтап, болашаққа апаратын мирасқор — бүгінгінің жас ұрпағы. Жапырақтарыңыз жайылып, нәрестеге бақытты балалық шақ тілеймін! - деді Сымбат Төретаев.
Мереке қарсаңында туған сәби отбасының 4-перзенті. Нәрестенің денсаулығы жақсы, салмағы - 4 кг жуық, бойы - 56 сантиметр. Шара барысында сәбиге қажетті жөргек, жаялық, т.б. қажеттіліктер табысталды.
Сондай-ақ аудан басшысы Сымбат Төретаев Ақтау қаласындағы балалар үйіне барып, балақайларға қуаныш сыйлады.
Бір сәт бүлдіршіндерге көңіл бөліп, тәттілер мен жеміс-жидектер табыстады. Бұдан бөлек облыстық мамандандырылған балалар үйіне теледидар сыйлыққа берілді.
Аудан басшысы әр балаға жылы жүзді мейірімін көрсетіп, тәрбиелеп отырған ұжымның басшылығына және қызметкерлеріне алғысын жеткізді.