Қарақия ауданында эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына байланысты 10 мобильдік топ ашылды. Қазіргі таңда тұрғындардың шақыртуы бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аудан әкімі Қыдырберді Бековтың айтуынша, аталған мобильдік топты қажет болған жағдайда көбейтуге мүмкіндігі бар. Орта есеппен бір күнде 10-20 шақырту түсіп отыр. 1 бригадаға күніне 2-3 шақырту тіркеледі.
Мобильдік бригада бақылауында, яғни үй жағдайында 71 науқас бар, оның ішінде ауру белгілері бар – 28 науқас, ауру белгілері жоқ симптомсыз - 43 науқас. Осы науқастарды бақылап отыру үшін аудандағы емхана жанынан ситуациялық орталық құрылды, оларға бақылау жасалады. Сонымен қатар, колл орталық жұмыс істеп тұр, негізгі міндеті - медициналық қызмет көрсету тәртібін бұзу фактілерінің алдын алу.
"Бүгінде аудан халқының саны 38 400 адамға жетіп отыр. Құрық ауылында 20 және Жетібай ауылында 20 науқасқа арналған провизорлық орталық бар. Орталықтың барлық қажетті жабдықтары жеткілікті. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда Құрықтағы орталықты 95, Жетібайдағы орталықты 50 орынға дейін көтеруге мүмкіндік бар", - дейді аудан әкімі Қыдырберді Беков.
Оның айтуынша, медициналық ұйымдарда қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмек қорының 2 айлық қоры бар. Одан бөлек 2 оттегі станциясы, 88 дана оттегі канцентраторлары, 100 дана - пульсоксиметр аппараты бар.
Аудан бойынша 10 дәріхана жұмыс істеп тұр, онда дәрі-дәрмек қоры бар және кезек жоқ.