Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қарақия ауданы әкімі Қыдырберді Әндірұлы ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2021 жылы атқарылатын жұмыстардың басты бағыттары жөнінде халық алдында есеп берді.
Қорытынды есеп беру жиынына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Қаржаубайұлы, аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы, Қарақия аудандық мәслихатының хатшысы, ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Қорытынды жиынды Қарақия аудандық мәслихатының хатшысы Жанғабыл Бекмолдаұлы жүргізді.
Атқарылған жұмыстар мен атқарылмақ істерді жіпке тізген аудан әкімі Қыдырберді Беков:
«Қарақия ауданында білімді дамыту бағытында есептік жылы 5,0 млрд теңге (2019 ж. – 5,0 млрд теңге) бөлінді. Бұл аудан бюджетінің – 28,0 % -ы. Салада 1 026 педагог, 565 мұғалім жаңартылған білім мазмұны курстарынан өтті. Жаңа оқу жылында 58 жас маман жұмысқа орналасты. Ел Президенті өз жолдауында «Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын», - деді.
Осы орайда жаңа оқу жылынан 14 мектепте 3 982 дарынды баламен арнайы жоспар жасақталып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына «Президент шыршасы» қайырымдылық шарасы аясында 300 балаға 100 мың теңгеден 30 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. 2020 жылы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын ұйымдастыру мақсатында, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 3 мектепке (Сенек ауылындағы Қашаған, Бостан ауылындағы Қарақұдық және Жетібай ауылындағы № 8 орта мектеп) 113,2 млн теңге, қалған мектептерге аудан бюджетінің есебінен 44,5 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша 2020 жылы аудан бойынша аз қамтылған 382 отбасының 2 206 адамына 177,7 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмектер берілді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылардың 1-6 жасқа дейінгі 375 балаға 20 394,4 млн теңге көлемінде кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілді. Жәрдемақы алушы көп балалы ана саны – 1 856 адам. Оларға бір жылда 1,1 млрд теңге қаражат жұмсалды. /айына 44 мың 532 теңге/
2020 жылы аз қамтылған 199 отбасыға жылына бір реттік әлеуметтік көмек ретінде 8,8 млн теңге жұмсалды. Асыраушысынан айырылған 340 балаға 13,9 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді», - деді аудан әкімі.
«Аудан әкімінің есебін қуаттаймыз, өйткені баяндамада атқарылған жұмыстар баса айтылды. Әсіресе, денсаулық сақтау саласының қазіргі жай-күйі анық та ашық айтылды. Ауданымыз бойынша денсаулық саласындағы тиісті ғимараттар жаңартылды. Сондай-ақ ауданымыз жылжымалы медициналық кешенмен толықтырылды. Бүгінгі таңда жылжымалы медициналық көлігіміз өз жұмысын бастап кетті. Бұл дегеніңіз халықтың денсаулығын қорғау үшін жасалып жатқан үлкен көмек. Мен аудан әкімінің баяндамасын бағалаймын», - дейді Қаракия орталық аудандық ауруханасының директоры Гүльшара Бегниязова.
Алдымен әлеуметтік желіден түскен біраз сұраққа жауап қайтарылды.
Есеп беру жиынында жұмыссыздық, мәдени демалыс орындар мен тұрғын үй туралы,көшенің жарық мәселесі туралы мәселелер әңгіме болып, осы мәселелердің оң шешудің жолдары қарастырылды.
Жиын барысында бірлі-жарым жеке бастың мәселесімен айтылған ұсыныстардан басқа, ауылдағы жасалып жатқан игілікті істердің куәсі болып жүрген ауыл ардагерлері тарапынан сұрақтар қойылмады.
Бұдан кейін есепті жиынды қорытындылаған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Қаржаубайұлы сөз сөйлеп, аудан әкімінің 2020 жылда атқарған жұмыстарына оң баға беріп, алда атқаратын жоспарлы жұмыстарды жүйелі атқаруды тапсырды.
Сын-ескертпелер айтылған есеп беру жиынында зиялы қауым өкілдері алдағы уақытта бұл мәселелер шешілетіндігін жеткізді.
Фариза ХАЙДАРОВА,
Қарақия ауданынан